432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семей тұрғыны өз күшімен балалар алаңқайын жасады

  • 267
  • UPD: 21:19, 27.09.2020

Семей тұрғыны жергілікті биліктің көмегіне жүгінбей-ақ өз күшімен балалар алаңқайын жасады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала іргесіндегі «Водный» кентінің тұрғындары өркениет көшінен қалып қойғандарын айтып, жиі шағымданады. Әкімдік қараспағандықтан, көбіне өз күштерімен ауланы абаттандыруға білек сыбана кіріседі.

Бұдан біраз уақыт бұрын бұл жер қоқыс тастайтын орын еді. Олеся есімді екі балалы жесір ана көшіп келгелі бері айнала адам танымастай өзгерді. Ол өз қаржысына балаларға арналған әткеншек сатып алып, белтемір жасап берді. Гимнастикалық аспаптар орнатылған алаңқайдан қазір балалар айналшықтап шықпайтын болған.

Гүлжанат Ағыбайқызы, Водный кентінің тұрғыны:

- Осы Рудный көшесінде тұрғалы балалар алаңы болған жоқ бізде. Әкімшілікке сенім жоқ. Мына жерде негізі қоқыс тастайтын орын болған, кәдімгідей қоқыс көп болған. Ол қыз өзінің ақшасына 3-4 КАМаз құм әкеліп, мына жерге төкті. Мынаның бәрін енді жабу керек қой бірдеңе қып. Өзім мен мысалы істей алмаймын.

Негізінен үш қабатты үйлер көптеп орналасқан бұл кентті қараусыз қалған деуге де болады. Өйткені мұнда бірде-бір Пәтер иелері кооперативі жоқ. Керек десеңіз, орталықтандырылған ауыз су мен кәріз жүйесіне дейін әлдеқашан істен шығып қалған.

Гүлжан Оразбаева, Водный кентінің тұрғыны:

- Бүкіл мына Водныйдан бастап, мына Таймасымыз, Рудный, Восход деген жеріміз сусыз құрып отырғанымызға біраз жыл болды. Басшылықтар да, депутаттар да оның бәрін біліп отыр. Көкейлері бәрі сайрап тұр. Бірақ неге бізге бөлінбейді? Біздің маңайымыздан неше бағдарлама өтіп кетті суға деген? Неше рет бізге уәде берді? Неше әкім ауысты? Неше депутат ауысты? Іс бір жерден қозғалған жоқ.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілердің айтуынша, кентті абаттандыру жұмыстары жақында қолға алынған. Осындай екі ауданға орталықтандырылған ауыз су құбыры мен қажетті магистральді жүйелерді тартуға облыстық бюджеттен 253 миллион теңге бөлініпті. Аталған жоба Водный кентін де қамтиды.

Құралай Дүйсенбаева, қалалық ткш бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Восход және Водный кентіндегі тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды сумен қамтамасыз ету үшін қосымша жобалық-сметалық құжат жасалып жатыр. Ол дегеніміз, Восход, Водный кентінің 5 мыңдай тұрғыны сумен қамтамасыз етілетін болады. Бұл жобаның жасалып, аяқталу мерзімі 2021 жылдың екінші тоқсаны деп жоспарлап отырмыз.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер бұл кентте жаңа мектеп пен балабақша салу мәселесі қарастырылып жатқанын да айтты.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы