428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайда жеңіл өнеркәсіп саласында кәсіби кадрлар тапшы

  • 124
  • UPD: 22:30, 27.09.2020

Қазір жергілікті тігін фабрикасында сұраныс молайып, тапсырыс ұлғайған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал жұмысшы некен-саяқ. Өндіріс орны проблеманы қысқа мерзімді оқыту курстары арқылы шешуді жөн көріпті. Кәсіпорын жанында арнайы орталықтың ашылғанына бір ай болды. Болашақ тігінші, сәнгер және пішуші мамандар осында дайындалады.

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Ольга Нетецкая бір жарым жыл жұмыссыз жүрді. Тігінші курсына Жұмыспен қамту орталығы арқылы түскен. Қазір тігін машинасын бес саусағындай меңгеріп, кәсіби деңгейде киім тігеді.

Ольга Нетецкая, қала тұрғыны:

- Жұмыс таба алмай көп қиналдым. Қазір оқып, шыңдалып жатырмын. Енді осында қалып, еңбек жолымды бастасам ба деймін.

Фабрика 30 адамды қабылдауға дайын. Цехтарға тігінші, сәнгер, пішушілер қажет. Жаңа кадрлар оқу орталығында дайындалады. Оған қоса, теорияны тәжірибемен ұштастырады.

Раушан Жікенова, тігін фабрикасы директорының орынбасары:

- Жастарды қабылдап, үйретіп, зейнетке келген адамдардың орнын басуға дайындап отырған ойдамыз. Егер де келген жастарымыз үйреніп, «осында қаламыз» десе, тігін цехына қабылдауға дайынбыз.

Үш айлық мерзімде сұранысқа ие мамандықты тегін меңгеру мүмкіндігі бар. Жұмыссыздарды қайта даярлау курстарына Жұмыспен қамту орталықтары арқылы «Еңбек» бағдарламасымен жібереді. Аймақтағы бес кәсіпорын оларды оқытып, жұмыс орнымен қамтуға ынталы.

Сәния Иментаева, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

- Оқу орталықтары реестріне кіретін 34 білім ұйымы бар. Былтыр екі жарым мыңға жуық тыңдаушыны сонда жібердік. Қазір 1800-і оқуын аяқтады. Биыл тағы 378 адамды оқытуды ойластырамыз.

Бүгінде облыстағы өнідіріс орындарына кәсіби-техникалық білімі бар 4 мыңнан аса адам қажет. Жұмыспен қамту орталықтарында ондай кадрлар тізімде алдыңғы қатарда тұр.

Эльмира Есмағанбетова, қалалық жұмыспен қамту орталығының бас маманы:

- Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға 161 адам және қысқа мерзімді оқытуға 100 адам жіберілді. Бүгінгі күні 49 адамды оқыту аяқталды. Оларды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Тұтастай алғанда биыл кәсіби қайта даярлау курстарына 500 адам жіберіледі. Әсіресе, құрылысшы, дәнекерлеуші, инженер және кондитерлерге сұраныс жоғары.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы