428,05 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында 600 сауын сиырға арналған сүт фермасы ашылды

  • 128
  • UPD: 15:51, 28.09.2020

Павлодар облысында 600 сауын сиырға арналған тауарлы - сүт фермасы ашылды. Бұл елімізде сүт өндірісін арттыруға бағытталған маңызды жоба. «Жаңа Қала»   шаруа қожалығында бой көтерген заманауи  кешенді  «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің  «Аграрлық кредиттік корпорациясы» қаржыландырған.

«Жаңа Қала» шаруа қожалығы  2000-шы  жылдары құрылды.  Асыл тұқымды шаруашылық симменталь сиырларын өсіреді. Биыл өндіріс  қуаттылығын арттыруға қол жетті. Жобаны «Аграрлық кредиттік корпорациясы» «Ырыс» бағдарламасы арқылы   қаржыландырды.

Ізбасар Жүсіпбеков, «Аграрлық  кредиттік  корпорациясы»  АҚ Павлодар облысы бойынша  директорының орынбасары:

- Бүгінгі күні бұл ең тиімді  несие шарты. Алты процентті құрайды. Қаржыландыру мерзімі 10 жыл. Оның екі жылына жеңілдік беріледі.  Жобаны толығымен  қаржыландырдық. 

Тауарлы - сүт фермасына жабдықтар Германиядан әкелінген. Мал қораларының құрылысына отандық өндірушілердің материалдары  қолданылды. Аграрлық  кредиттік корпорациясының  қаржысына   немістің телескоптық  тиегіші,  мал азығын араластыратын техника да  алынған.

Ардақ Қажат, «Жаңа Қала»  ЖШС  директоры:

- Біз сиырларға Германияға тапсырыс бердік. Бавариядан 510 бас симменталды  тұқым  ірі-қара келе жатыр. Олар келер жылдың басында төлдей бастайды.

Тауарлы - сүт фермасы жылына 2 мың 800 тонна сүт береді. Мал алуға жергілікті сүт зауыты үлес қосты. Бұл екі кәсіпорын өзара стратегиялық әріптеске айналған.  

Виталий  Михайлов, сүт өңдеу  кәсіпорының  директоры:

- Тәулігіне 15 тонна сүт қосылатын болды. Соңғы кезде шикізат тапшылығы сезіле бастаған еді. Біздің өндіріс үшін бұл  қомақты үлес.

Жаңа тауарлы - сүт фермасын қаржыландыру мультипликативтік нәтиже берді. Ауылда жаңа жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік нысандар бой көтерді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы