430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысының Балқаш ауданындағы 8 медицина мекемесіне күрделі жөндеу қажет

  • 354
  • UPD: 21:01, 28.09.2020

Тіпті кейбіреуін қайта салу керек. Өйткені өткен ғасырдың ортасында тұрғызылған нысандардың әбден тозығы жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шағын ауруханалардағы жиһаздар мен тиісті қондырғылардың да жаңартылмағанына біраз жылдың жүзі болыпты. Дәрігер тапшылығы да өзекті проблема болып тұр.

Жұмаш Уәлиева Қарой ауылына 1970 жылы медициналық институттың жолдамасымен келген екен. Содан бері табан аудармастан осы амбулаторияда педиатор болып еңбек етіп келеді. Білікті маман дәрігер тапшылығына көңіл бөлу керек дейді.  

Жұмаш Уәлиева, дәрігер-педиатор:

– Қазіргі ауылдық жерлердегі ең өзекті мәселе – акушер-гинеколог тапшылығы. Әйелдер көріну үшін ауданға жүгіреді. Немесе ауылдық жерге жетіспейтін маман келсе, біз барлық маманды сұрай бермейміз. Халық саны ондай мамандарды ұстап тұруға келмейді. Бірақ көмектесіп жатса, артық болмас еді.

Қарой ауылы аудан орталығынан 200 шақырым қашықта  орналасқан. Онда екі жарым мыңнан аса адам тұрады. Көршілес жатқан екі елді мекеннің тұрғындары да осында келіп қаралады.

Серікбай Мұсырпанов, Қарой ауылының тұрғыны:

– Бұл аурухана одақ кезінде салынған. Содан бері есептесеңіздер, 50-60 жылдай уақыт өткен. Сондықтан күрделі жөндеуді қажет етеді. Кезінде ақсақалдар алқасы, осы жердегі қариялар бірнеше рет хат жазылған.  Біз енді үмітімізді үзбейміз.

Ақкөл ауылының халқына да жаңа аурухана керек. 60 жыл бұрын салынған нысан әбден ескіріпті. Күндізгі стационардың да күйі кеткен.

Ұлтай Дүйсекова, Ақкөл ауылының тұрғыны:

– Жаңа аурухана бізге керек. Түнде де, күндіз де ауырады. Үлкен кісілер көп ауылда . Біз қай жаққа барамыз. Қашанғы бізді Бақанасқа апарады. 

Болат Барамқұлов, ауылдық амбулаторияның меңгерушісі:

– Ең бірінші бізге жөндеу жұмыстары керек. Ғимаратымыздың бәрі тозған, ескі. Ең жаңасы дегені 1985 жылы салынған. Басқалары одан да ескі. Қазір жас мамандар керек.

Соңғы үш жылда аудандағы үш медицина мекемесі күрделі жөндеуден өтіпті. Келер жылы да бірнешеуін жаңартып алу жоспарланып отыр. 

Дәурен Иманәлиев, Балқаш аудандық ауруханасының бас дәрігері:

– Алдағы уақытта 21 жылға Ақдала мен Береке ауылдарына жаңа фельдшерлік акушерлік пункт салынуға құжаттары дайындалуда. Сонымен қатар Қарой, Ақкөл ауылдарының техникалық құжаттамалары дайындалып, сметалық жобаға ұсынылып отыр. Бақбақты ауылдық ауруханасының құжаттамалары дайындалуда жобалық-сметалық жобаға ұсынылды.

Балқаш ауданында 22 емдеу мекемесі бар. Солардың тең жартысысының тозығы жетіп, құрылыс жұмыстарын қажет етіп тұр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Гүлнәр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы