427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арқалықта құс тұмауынан фабрика қаңырап қалды

  • 197
  • UPD: 21:16, 28.09.2020

Арқалық құс фабрикасындағы тауық атаулы түгелге жуық қырылып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, бағымдағы 500 мың құстың 414 мыңы өлген. Қазір фабрика жұмысшылары өз күштерімен өлекселерді өртеп, зарарсыздандырумен айналысып жатыр.

Арқалық құс фабрикасы қаладан 4-5 шақырымдай жерде жырақта. Сараптама қорытындысымен құс тұмауы расталғаннан кейін, кәсіпорын бір апта бұрын карантинге жабылып, күні кеше мынандай блок-бекет орнатылды. Фабрика аумағына өз жұмысшыларынан басқаларға кіруге қатаң тыйым салынған. Кірген-шыққан көліктердің барлығы мына жерде мұқият залалсыздандырылады.

Қуандық Ғабсалықов, Арқалық қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы:

– Ағаштың үйіндісін залалсыздандырып, күніне айырбастап, жаңадан ертінді құйып, соны ауыстырып отырамыз.

Құс шуынан құлақ тұнатын кең қоралар бүгінде қаңырап бос тұр. Әр жерде тау болып үйілген өлекселер. Ветеринарлық бақылау инспекциясының мамандары санап шығып, хаттама толтырғаннан кейін ғана өлген құстар өртеледі. Сол аумақтық инспекциядан нақты шығынды білу бізге мұң болды. Анық нәрсені құпия қылып кімнен жасырады. Сол жағы түсініксіз. Ал жергілікті әкімдікке қарасты ветеринария басқармасындағылар мұндағы нақты жағдайдан хабарсыз.

Қасқырбай Бейсенов, облыстық ветеринария басқармасының бас маманы:

– Бұл жабық нысан болып есептелгендіктен, бұларға мемлекеттік ветеринарлық инспекторлар ғана кіреді. Бұл жабық мекеме, сондықтан мұның ветеринарлық қызметін өздерінің ведмоствалық қызмет жүргізеді. Біз бұл жерде енді статистика жөнінде есеп алып отырамыз.

Ал фабрика өкілдері камера алдында сөйлеуден бас тартқандарымен, қырылған құстардың саны 414 мыңға жеткендігін анық айтты. Ол құжатта да көрсетілген дейді. Енді оның бәрін қалпына келтіріп, өндірісті қайтадан іске қосуға кемі 7-8 ай қажет екен. Бұл фабрикадан тыс Арқалық қаласына қарасты Фурманов және Целинный ауылдарында сол кеселден бірнеше үй құстары өлген. Қазір ол елді мекендерде карантин жариялау мәселесі қаралып жатыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы