428,77 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да ғаламтор желісіне қосыла алмаған оқушылар сабақты далада оқуға мәжбүр

  • 292
  • UPD: 21:12, 28.09.2020

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында интернет нашар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұның зардабын ең алдымен оқушылар тартып отыр. Ғаламтор желісіне қосыла алмаған шәкірттердің біразы сабақты сыртта оқуға мәжбүр. Ал ауданға қарасты шекаралас ауыл тұрғындары негізінен ресейлік операторларды пайдаланады екен.

Оныншы сыныпта оқитын Жанерке уақытының көп бөлігін осы жерде өткізеді. Түске дейін үй тапсырмасын орындаса, түстен кейін онлайн сабақтар басталады. Әкесі – география пәнінің мұғалімі. Ол да күнұзақ компьютерге телміруге мәжбүр. Дегенмен ұстаз бен шәкіртті алаңдататын нәрсе – біреу. Ол ауа райы бұзылмаса деген тілек. Өйткені, қатты жел тұрса интернет желісі де жалт етіп жоғалады екен. 

Жанерке Өтегенова, оқушы:

– Бізде интернетте ақаулық болады, сондықтан видеоконференцияға қосылу кейде сәтсіз болып шығады. Мысалы, кейде қосыласың да бірақ дауысың естілмей қалуы мүмкін, немесе кейде техникалық ақау туындауы мүмкін. Соның нәтижесінде біз қосыла алмай қаламыз.

Ал бесінші сыныпта оқитын Бейбарыстың жағдайы Жанеркеден сәл өзгерек. Үй тапсырмасын орындау үшін ол әуелі мына бір бұзылған үйдің қабырғасына өрмелеп шығады. Өйткені, тек осы жерде ғана интернетке қосылуға мүмкіндік бар екен.  

Бейбарыс Жұмагереев, оқушы:

– Бұл жерде ұстамайды. Сабақ оқуға күнде келемін осы жерге. Апай тапсырма береді, орындауға тура келеді, үйде сеть ұстамайды.

Аудан орталығындағы жағдай осындай. Алыстағы ауылдық округтерде интернет мүлде жоқ. Шекарамен қоңсы ауылдардың ресейдің байланыс операторларын тұтынатыны туралы бұдан бұрын да айттық. Бірақ, баяғы жартас – сол жол жартас. Ал интернетке қосыла алмай пұшайман болған шәкірттер осылай сыртта сағаттап сарсылып отыруға мәжбүр.  

Гүлсара Әжиева, оқушы:

– Интернет дұрыс ұстамайды, таңмен сыртқа шығып ұстатып аламыз. Мүмкін емес сабақ оқу. Сыртта, ескі үйде, осы жерде оқимыз. Қыста қалай оқитынымызды білмейміз мүлдем. Ұстаздар мұны түсінбейді. 2 мың теңгенің тарифіндеміз. 4G дым ұстамайды.

Лаура Сейсенбайқызы, Жәнібек ауылының тұрғыны:

– Үйден антенна ұстамайды, ана үйден ұстайды. Ер балалар шығады, ал қыз балалар шыға алмайды, сондықтан сабақ көбіне оқи алмайды антенна жоқтықтан.

Байланыстың нашар екенін ұстаздар да жақсы біледі. Дегенмен шәкіртіне тиянақты білім беру жолында қолдан келгеннің бәрін жасап жүр олар. Тек интернеттің жоқтығынан ғана жігері құм болатыны рас. Қазір Жәнібек ауданындағы 15орта мектепте 2 жарым мыңдай шәкірт білім алып жатыр.  Олардың тең жартысы қашықтан оқиды. Бастауыштар үшін кезекші сыныптар ұйымдастырылған.   

Бағида Сарыбаева, аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Аудан орталығындағы интернет жылдамдығы жақсы, балалар оқуға мүмкіндігі бар. Бірақ бір қиындығы бір уақытта, бір мезгілде көп балалар, оқушылар, ата-аналар кірген уақытта ол жылдамдық төмендейді. Сондықтан көбіне асинхронды амалымен олар оқуын жалғастырады.

Республика бюджетінен бөлінген қаржыға ауданға 70 компьютер мен 90 планшет сатып алынған. Аудан билігі бірінші кезекте аз қамтылған отбасыларының балаларын қамтымақ ниетте. Сол себепті 340 ноутбукті мұқтаж санаттағыларға беру көзделіп отыр.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Газезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы