432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы «Казмедприбор» ЖШС қызметімен танысты

  • 189
  • UPD: 15:43, 29.09.2020

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласындағы «Казмедприбор» серіктестігінің қызметімен танысты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Компания өкпені жасанды желдету аппараттарын шығарады. Аппараттардың турбиналық, неональді және портативті түрлері осы жерде жасалады. Бұдан бөлек медициналық жиһаз, автокөлік, дезинфекциялық заттар өндірісімен айналысады. Өндіріс – қуатты. Жылына 50 мың дана медициналық құрал-жабдық, 150 мың медициналық жиһаз бен 1000 автокөлік шығарады. Көбіне-көп қазақстандық өнімдер қолданылады.

Ал компания өнімдерінің халықаралық талаптарға сәйкес болуы ТМД мен Еуропалық Одақ елдеріне өнімдерді сатуға мүмкіндік береді. Дегенмен әуелгі мақсат – ішкі нарықты қамтамасыз ету, артылғаны экспортталады. Бұл үнемі дамып, технологияның жаңасын игеріп жатқан кәсіпорын. Мәселен 2013 жылы жапониялық серіктестермен бірлесіп, «Казмедприбордың» базасында рентген-диагностикалық қондырғылар шығаратын зауыттың жұмысы жаңғыртылды. Араға бір жыл тастап биохимиялық анализаторлар мен медициналық реагенттер, сонымен қатар дезинфекциялық заттар өндірісі жолға қойылды. Бұл іске Италия мен Германия компаниялары өз үлесін қосты. Қазір еліміздің үшінші мегаполисінде 1000 орындық көпсалалы университет ауруханасы салынып жатыр. Онда ана мен бала, хирургия, терапевтикалық орталықтар орналасатын болады. Осы ретте «Самрұқ-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пандемия кезеңінде отандық өндірушілер мен денсаулық сақтау саласына көрсетілген қыруар көмек жайында айтып өтті.

Қаныбек Қанатбекұлы, «Казмедприбор» ЖШС жобаларды дамыту жөніндегі директоры:

– Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қорының арқасында кәсіпорын коронавируспен күреске қажет қондырғылардың біразын өткізді. Қазіргі таңда еліміздегі медициналық мекемелерді тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге дайынбыз. Америкалық және жапониялық серіктестерімізбен бірлесіп әзірлеген, турбиналы технология қолданылған өкпені жасанды желдету аппараты пациентке қажетті оттегіні тиісті мөлшерде береді. Компания мамандардың біліктілігін арттыруға ден қойған. Инженерлердің көбі шет елдерде оқып келді.

Хабар 24 телеарнасы