427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар 24» тілшісі елордадағы қарттар үйі қызметкерлерінің уәжін тыңдап қайтты

  • 154
  • UPD: 19:11, 29.09.2020

Бас қаладағы қарттар үйі қызметкерлерінің жалақысынан алдағы уақытта ақша ұсталып қалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

1-2 мың теңге емес, жұмысшылардан бақандай 100 мыңдап өндірілуі кәдік. Себебі, еңбек демалысына шыққан кезде қызметкерлерге қаражат тиісті сомадан көп төленіп қойыпты. Еңбекақыларының қысқаратынын естіген бір топ адам наразылығын білдірді. Мекеме басшысы не дейді? Мұндай қателікке жол берген кім? Тараптардың уәжін Қорған Төреқожа тыңдады.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Көріп тұрғандарыңыз, елордадағы «Шарапат» аталатын әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Ал, бұл осы мекеменің қызметкерлері. Жалақыларынан ақша ұсталатындарын айтып, ашылу. Қаңтардан бастап еңбек демалысына шыққан 30-дан аса адамның енді жаңа жылға дейін алатын еңбекақысы қысқаруы мүмкін.

Гүлдариға Махметова, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкері:

- Біз бәріміз барып келдік демалысқа. Мен өзім шілдеде болдым. Демалыстан келген соң екі ай өтіп кеткеннен кейін «демалыс ақысын көп беріп қойыппыз, бағдарлама қателесті» деді. Мен ойладым «жарайды енді, қателескен шығар, бір 20-30 мың шығар», бәрібір өзінікін алмай қоймайды ғой. Содан бәрі барып, сұрасақ, 100 мыңның сыртында қарызбыз. Өзі алатын айлығымыз 51 мың. Біз де енді ақылсыз емеспіз ғой. 2-ге 2-ні қосуды білеміз ғой.

Бұл орталықта 240-тан аса адам жұмыс істейді. Бізге назын айтқан қызметкерлер шамамен 50 мен 80 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ал, қайтаратын ақшалары 100 мың теңгеге шықса, еңбек демалысы үшін төленетін қаржы қандай көлемде болғаны?! Жә. Мекеменің алдында тұрған кезде, директордың өзі шықты. Қызметкерлердің жалақысынан неліктен ақша ұсталатынын сұрадық. Басшы былайша жауап қатты. Сәуірден бастап орталықтың есеп бөлімі жаңа бағдарламаға көшкен. Содан қате кетіпті.

Ырысты Баймағамбетова, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:

- Бағдарлама дұрыс болмай тұр ғой. Бірақ енді біздің бухгалтер кінәлі. Өйткені олар қолдарымен тексеру керек. Уақыт беріңіздер. Біздің бухгалтерия дұрыстап санасын. Бұл кісілерге 1-2 күн шыдау керек.

Қорған Төреқожа, тілші:

- Басы дауға қалған мекеменің директоры сөз соңында былай деді: «Қателік жіберген есеп бөліміне тексеріс жүргізіледі. Ал, артық қаражат алып қойған жұмысшылардан қаражат 4 ай көлемінде өндіріледі. Тіпті қаржы алда берілуі тиіс ақшалай сыйақыдан да ұсталады».

Авторлары: Қорған Төреқожа, Наурыз Базаров

 

Хабар 24 телеарнасы