432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында балалар үйінде өскен бір топ азамат билікке шағымын жеткізді

  • 95
  • UPD: 19:49, 29.09.2020
Павлодар облысында балалар үйінде өскен бір топ азамат билікке шағымын жеткізді

Павлодар облысының ата-ана қамқорлығынан айырылған бір топ азаматы жергілікті билікке шағымдарын жеткізді. Олардың айтуынша, тұрғын үй кезегі тым баяу жылжып жатыр. Ал әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын жетімдердің қатарында кезегін ондаған жылдар бойы күтіп тұрғандар бар. Күрмеулі мәселе өңірде қалай шешімін таппақ? 

24 жастағы Анастасия Переварованың пәтер кезегінде тұрғынанына 10 жылдан асыпты. Ол отбасы үлгісіндегі балалар үйін тәрбиеленген. Қазір  жатақхананың 13 шаршы метр ғана болатын бөлмесін жалдап тұруға мәжбүр. Тапқан-таянғаны баспана жалдауға ғана жетеді.

Анастасия Переварова, қала тұрғыны:

- Жетім балаларға тұрғылықты жері бойынша тіркелуге де мүмкіндік жоқ. Біз 27 жасқа дейін жастар үйінде тіркелеміз. Ал осы жастан асқан соң күніміз қиындайды. 27 жасқа дейін баспаналы болуымыз керек. Бірақ кезек жылжымай жатыр. Ақпаратты жаңартып отырамыз, әзірге нәтиже жоқ. 

Барар жер, басар тауы қалмаған азаматтардың жанайқайын тыңдаған жергілікті атқарушы билік мәселені шешудің жолдарын ұсынды. Олардың айтуынша, жетімдерге пәтер жалдауға субсидия бөліп, тұрғын үй сертификаттарын беру қажет. Әрі бұл санаттағы азаматтарды ипотеканың бастапқы жарнасынан босату керек деген бастама да көтерілді.

Ризабек Исабеков, «Ертіс - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

- Бұл мәселелермен балалардың құқықтарын қорғау департаменті айналысқан еді. Мемлекеттік мекеме жабылып қалған соң жетім балаларды қолдау жағы ақсап қалғаны рас. Мәселені жан-жақты зерттей келе үкіметтік емес ұйым құру керек деп шештік. Бүгінде жергілікті органдар бірлестік ашуға көмектесуге әзір.

Мәселенің мәнісін түсіну үшін кешенді зерттеу жүргізілмек. Арнайы жол картасы шеңберінде әлеуметтік санатқа жататындардың тізімі жасалады. Кешенді жоспар аясында коммуналдық меншіктегі пәтерлер тексеріліп, бос баспаналар кезектегі азаматтарға берілмек. 

Алтынай Бектасова, қалалық қаржы бөлімінің басшысы:

- «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес мүгедектер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, көп балалы отбасылар мен ата-ана қамқорлығынан айырылған азаматтар кезек бойынша пәтер алады. Қолданысқа берілетін үйдегі пәтерлердің 20% осы санаттағы азаматтарға берілуі тиіс. Бар үміт алдағы екі жылда қолданысқа берілетін баспаналарда.

Бүгінде облыс орталығындағы «Сарыарқа» және «Достық» шағын аудандарында тұрғын үй құрылысы қызу. Дегенмен, жыл соңына дейін бірде бір әлеуметтік пәтер қолданысқа берілмейді.

Айта кетейік, баспана кезегінде 15 мыңнан астам павлодарлық тұр. Олардың 2500-ге жуығы ана-анасының қамқорлығынан айрылғандар. Биылғы жылы небары 27 бала баспаналы болды.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы