432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да құс тұмауы өршіп барады

  • 170
  • UPD: 22:03, 29.09.2020

Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауы күннен күнге өршіп барады. Өңірде қырылып жатқан қанаттыларда есеп жоқ. Мамандар өлекселерді жойып үлгірмей жатыр.

Бұл өлекселерді өртейтін арнайы инсинератор пеші. Нұр-Сұлтан қаласынан әкелінген. Республикалық эпизоотикаға қарсы күрес жасағының өкілдері Бескөл құс фабрикасындағы өлген құстарды осы құрылғы арқылы жойып жатыр. Мамандар күндіз-түні еңбек етуде.   

Файзолла Бегенов, республикалық эпизоотияға қарсы күрес жасағының өкілі:

- Бишкульский құс фабрикада мынау біздің инсинераторымыз уже бір апта болды тұрғанына. Суткалап істеп жатыр. Жігіттерге көптен көп рақмет. Өздеріңіз көрдіңіздер, бұл үстінен салынады, құстар полностью. Содан кейін крышкасы жабылады. Мың градусқа дейін көтеріледі. Ең алдымен қыздырып алады.  

Қырылған құстардың санында есеп жоқ. Өлекселер фабрика аумағында тау болып үйіліп жатыр. Иісі де қолқаны қабады.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Мына тұрған инсинератор пешін бір жаққанда шамамен мың жарым бас құс жанады екен. Оның қуаттылығы үш тонна. Бір жұма уақыттың ішінде нақ осы құс фабрикасынан 175 мыңнан астам қанатты осы құрылғының көмегімен жойылған.

Қазір әр ауданда шағын ғана осындай жылжымалы өртеу қондығылары жұмыс істеп тұр. Ал Қызылжар ауданында құстардың жаппай қырылуына  байланысты өлекселер  полигонда да өртеліп жатыр. Ол үшін арнайы жер учаскесі де бөлінді.

Берік Әлжанов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

- Құс өлімінің көбіне байланысты мына қондырғы бәрін өртеуге техникалық мүмкіндігі жоқ. Сондықтан кеше осы Бескөл ауылдық округінің аумағында арнайы мал қорымына бөлінген жерде шұңқыр қазып, осы құстарды өртеу жұмыстары жүргізілді. Өртеу жұмыстары біткеннен кейін толығымен ол жер залалсыздандырылып, қайтадан көміп тасталады.

Өңірде құс тұмауының беті қайтар емес. Ресми ақпарат бойынша соңғы он шақты күнде 199 мыңнан астам құс өлген. Жағдайдың ушығуына байланысты  бүгін тағы 11 ауыл карантинге жабылды. Осылайша 28 елді мекенде шектеу шаралы енгізілген. 

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы