428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда маңын құстың жүз қырықтан астам түрі мекендейді

  • 130
  • UPD: 21:57, 29.09.2020

Құстар қайтып барады... Рас. жылы жаққа ұшқан қанаттылар қашанда көңілде қимастық сезімін оятады. 

Бүгінде Есілдің бойынан шынашақтай шымшықтан бастап, үлкендігі қозы-лақтан кем емес бірқазан, дуадақты кездестіруге болады. Жалпы елорда маңын 140-тан астам құс түрі мекендейді екен. Оларды түстеп, тани алып жүрміз бе? Жалпы құстар әлемінде біз білмейтін қандай мәселе бар?

Сухас Абдул Хадер құстар туралы сағаттап сөйлеуге бар. Өйткені қанаттылар әлемі оны  бала кезден қызықтырады. Сонау Үндістаннан қазақ жеріне келуіне де осы құштарлығы түрткі болған.  Жалпы Сухас сияқты әуестігі бар адамдарды әлемде «бердвотчер» деп атайды. Бұрын аты да, заты да  беймәлім болған құстардың біразын осы елорадада кезіктірген екен. 

Сухас Абдул Хадер, әуесқой орнитолог:

- Құстар әдеміліктің символы. Оны тамашалау үшін көз ғана емес, көңіл де керек. Сол сұлулықты көру үшін де талай құрлықты артқа тастадым. Африка, Азияның бірнеше елінде болдым. Қазақ жері құстарға бай.  Әсіресе жыртқыштарын ерекше атап өткім келеді. Кейде бір құсты суретке түсіріп алу үшін 1 сағаттан аса уақыт жұмсаймын. Әрине қиын, қиын да болса қызық. 

Сухас рас айтады. Арқаның қойын-қонышы құсқа толы. Мұнда жұдырықтай торғайдан бастап аққұйрық бүркітке дейін мекендейді. Мамандардың болжауынша, жыл он екі айда елордада қанатты жаратылыстардың 140-тан астам түрін кездестіруге болады. Олардың 80 проценті адамға тым жақын жерде тіршілік етіп жатыр. Бұл заңды да. Өйткені осыдан 20-25 жыл бұрын қала орнында иен түз болғанын ескерсек, көптеген аң-құстың қадымнан тіршілік ортасы осы. 

Руслан Оразалиев, орнитолог:

- Бірқазан деген құс бар. Дене тұрқы үлкен, бірден көзге түседі. Дәл осы құстың елордада аумағында мекендейтінін көп ешкім біле бермейді. Әсіресе, қала қонақтары үшін жаңалық болуы мүмкін. Бірқазандар бұл аумаққа адамнан бұрын келген. Осы жерде ұя салып, көбейген деген тарихи дерек бар. 

Арқаның атырабы сулы батпақты келеді. Сол себепті де, мұндағы құстар бұта-бөргезді емес, ашық айдынды көп төңіректейді. Әсіресе Майбалық пен Кіші Талдыкөлде құстардың шуылынан құлақ тұнады. Жазы желкем, қысы қытымыр өңір қанаттылардың өмір салты үшін жайлы деу қиын. Десе де астананың сары аязына төзімділері бар. Орнитологтар мұндай құстардың 24 түрін атады.

Руслан Оразалиев, орнитолог:

- Сұр қарға, тоқылдақ, көкшымшық, барқылдауық үйректі көріп жүрміз. Бұдан бөлек түрі де әдемі, үні де естігенді елітіп әкететін самырқұсты қыс мезгілінде елордада қызықтай аласыз.  Олар негізінен Тайгадан ұшып келеді.Ұясы сол жақта. Нақты санын дөп басып айту қиын, шамамен 200-дей болады.

Табиғатпен етене тіршілік кешкен қазақ үшін құстардың қайтуының өзі бір құбылыс. Бірақ құстардың кейбірі үзілмей келе жатқан сол бунақты бұзуға мәжбүр. Өкініштісі сол, оған  себепкер – адам. Мәселен, жаппай белең алған құрылыс төңіректі мекен ететін жабайы аң-құстың көшіп-қонуына кері әсер етіп жатыр.

Сәкен Ділдахмет, тәуелсіз сарапшы:

- Ұясынан түсіп қалады, тоққа түсіп қалады басқа елдердегідей. Қаланы соққан кезде экологиялық урбанистиканы сақтау. 

Сондықтан да табиғаттың осы бір әсем жаратылысына зиян тигізбеудің жалғыз жолы, экологиялық тепе-теңдікті сақтау дейді маман. Әйтпесе ақын Тұманбай Молдағалиевтің өлеңінде айтылатын өскен жерін қимай кететін құстар, өскен жеріне сыймай кетуі мүмкін...

Автор: Назерке Тоқжанова

Хабар 24 телеарнасы