427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында екі жылдан бері құс тұмауына қарсы вакцина бөлінбеген

  • 276
  • UPD: 09:14, 30.09.2020

Жамбыл облысында 2018 жылдан бері мемлекет тарапынан құстар вакцинацияланбаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық ветеринария басқармасы өкілдерінің мәліметінше, өңір құс тұмауына қолайсыз аймақтар қатарына енгізілгендіктен жоспарға кірмепті.

Қазір Жуалы ауданында анықталған індет ошағында 410 бас құс жойылып, Қаратас ауылы карантинге жабық тұр.

Қаратас ауылына қазір құсты және құс өнімдерін алып кіруге және шығаруға қатаң тыйым салынған. Кіріп-шыққан барлық көлік тексеріліп жатыр. Індеттің келгендігі туралы ауыл әкімдігіне Нілдәбай Байқонысов бірінші болып хабарлаған. Оның 410 бас құсы қырылып, жойылыпты. Енді ауыл тұрғыны өтемақасын төлеп берсе екен дейді.

Нілдәбай Байқонысов, Қаратас ауылының тұрғыны:

– Базар бағасымен бес мыңнан, үлкендері 7-8 мыңнан тұр. Қалай төлейтінін білмеймін. Төлеп берсе екен деп үміттенемін.

Қаратаста соңғы бес күнде құстардың өлуі тіркелмеген. Елді мекенде залалсыздандыру жұмыстары екі қайтара жүргізіліп, 5 мыңнан астам құс вакцинацияланды. Одан бөлек, індеттің ошағынан 50 шақырым радиустағы ауылдар мен елді мекендердегі құстарға екпе жасалды. Мамандар індет көктем және күз айларында көшіп-қонатын құстардан келген деп болжап отыр. Олай дейтіні, дәл осы елді мекеннен 7 шақырым жерде «Спорный» деген көлшік бар. Жыл құстары сонда уақытша қонып, қоректенетін көрінеді. Қазір зерттеу, бақылау жұмыстары жүріп жатыр. 

Ғабибек Кебеев, Жуалы аудандық ветеринария станциясының директоры:

– Аудан бойынша 44 600 доза келген. Біз суы көп, жабайы құстар қонатын жердегі құстардың барлығына егіп жатырмыз. Алған дозаның барлығы бітіп, кеше ғана тағы 20 мың доза қосымша алып келдік. Жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жалпы бұған дейін 2018 жылдан бері Жамбыл облысында құстарға вакцина бөлінбеген. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, өңір құс тұмауына қолайсыз аймақтар қатарына енгізілгендіктен, жоспарға кірмепті. Енді өңірде құс тұмауы тіркеле салып, 60 мың доза екпе бөлінген. Оның жартсынан көбі Жуалы ауданына бағытталып отыр. Одан бөлек, жыл құстарының жолы саналатын аудандарға да қарастырылған.

Талғат Қожабергенов, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

– Енді 100 мың келді. Ал біз миллион доза сұрағанбыз. Ол толық көлемде берілетін болады. Бірақ үлгермей жатыр.

Бүгінгі күнге дейін құс тұмауы басқа аудандарда анықталмаған. Ветеринарлар жаппай таралу қаупі жоқ деп отыр. Алайда Қаратас ауылы 21 күн карантинге жабық болады. Осы уақыт аралығында құстардың жаппай қырылуы тіркелмесе, карантиндік шектеулер алынады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы