428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-дағы Макашевка орта мектебі жанындағы интернаттың жабылуына ата-аналар қарсы шықты

  • 287
  • UPD: 09:35, 30.09.2020

1 қарашадан бастап Солтүстік Қазақстан облысында Макашевка орта мектебінің жанындағы интернат жабылады.

Алайда мұндай шешіммен ата-аналар келіспей отыр. Оның үстіне осында жұмыс істеген бірнеше адам нәпақасыз қаламыз ба деп алаңдаулы. Интернатты жабуға не себеп болды?

Макашевка орта мектебі. Мұнда 61 оқушы бар. Оның 11-і көрші ауылдардан келетін балалар, сабақ кезінде интернатта болатын. Ал қазір оны жапқалы жатыр. 

Оксана Энгельман, Краматоровка ауылының тұрғыны:

- Карантин кезінде балаларды уақытша тасымалдайық деген соң келісім бердік. Алдағы уақытта интернат бізге қажет. Көлік жарамай қалатын кездер де болады ғой. Оның үстіне қыстың күні жолды қар алып қалуы мүмкін. Сол кезде қалай оқимыз?

Штат бойынша интернатта 10 адам жұмыс істейді. Оның жартысы қысқартуға ілінеді. Ал қалғаны мектепке ауысады.

Раиса Краузе, интернат қызметкері:

- Осы сұрақ бойынша аудан әкіміне де бардық. Ол интернатты ұстау тиімсіз екенін айтып отыр. Бірақ интернат жабылса біз не боламыз? Оны сұрап жатқан адам жоқ.

Аудандық білім бөліміндегілердің айтуы бойынша, интернатты ұстау жергілікті бюджетте айтарлықтай салмақ салады. Шамамен айына 1 миллион теңге қажет екен. Ал оқушыларды тасымалдау 10 есеге арзанға түседі.   

Гүлжан Кәрменова, Тайынша аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары:

- Октябрь 8 шақырым, Краматоровка 5 шақырым болғандықтан, балаларды күнделікті әкелуді жөн көріп отырмыз. Өйткені бюджет қаражаты үнемделеді. Және де балалар өз үйлерінде, өздеріне ыңғайлы ортада ата-аналарымен бірге тәрбие алады. 

Сауле Ищанова, Макашевка орта мектебінің директоры:

– Жол бойынша қыста еш мәселе туындамайды. Округ әкімі бұл сұрақты жіті назарда ұстап отыр.

Бұл интернатқа негізінен 16 жыл болған. Алғашқыда ол 25 орынға шақталған еді. Алайда жыл сайын бала саны азайып жатыр. Сондықтан тіпті келер жылдан бастап мектепті 9 жылдыққа ауыстыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Нұргүл Ахметова, Руслан Алиев

Хабар 24 телеарнасы