428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында онлайн оқитын мектеп оқушыларының 36% компьютерге мұқтаж

  • 148
  • UPD: 09:45, 30.09.2020

Мұны арнайы комиссия мүшелері анықтаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олқылықтың орнын толтыру үшін республикалық және облыстық бюджеттен 4 млрд-қа жуық қаржы қарастырылып отыр. Алайда әзірге қала мектептерін қамту қолға алынған.  

Айзере Смаділда – қашықтықтан білім алуға көшкен мектеп оқушыларының бірі. Өткен оқу жылының соңғы тоқсанынан бері тек ұялы телефонның көмегімен оқып келеді. Қиын тұстары көп болса да, сабаққа үлгерімі жақсы баланың басқа амалы жоқ. Ал онлайн оқу үшін берілетін жаңа компьютер 8 сынып оқушысына әлі жете қоймаған.

Ақзере Смаділда, оқушы:

- Мектепке барып оқыған оңайырақ. Ол кезде апайларды көріп, барлығын бірден түсініп аламыз. Ал онлайн мектепті түсіну қиындау. Сабақтарды кейде түсінбей қаламын. Біз мектептен компьютерді сұрадық. Бірақ әлі келмей жатыр. Жақын арада келеді деген сенімдемін.

Ал Ақзере оқитын мектептің өзі жаңа компьютерлер күтіп отыр. Білім бөліміне берілген өтініші әлі толықтай өтелмепті. Ал бұрын қолданыста болған 170 электронды техниканың жарамды 68-і, оқу жылы басталмай жатып оқушыларға үлестірілген. Одан кейін келген ондаған жаңа құрал да беріліп, 16 отбасына интернет желісі тартылыпты. Алайда компьютер сұраған жүздеген ата-ананың өтініші әлі толық орындала қойған жоқ.   

Ардақ Назиков, №36 орта мектептің директоры:

- Қазір бізге 273 компьютер қажет. Сонымен біз балалардың қажеттілігін жабамыз деп отырмыз. Ата-аналардың өздері сатып алғандары бар, бұрыннан өздерінде бары бар. Және планшет, телефон арқылы кіріп, білім алып жатқан жайымыз бар. Сұрақтар болып жатса, ата-ана, мұғалімдер болып, әкімшілік болып ол мәселені өз уақытында шешіп отырмыз.

Жалпылай алғанда, өңірдегі мектеп оқушыларын компьютермен қамту үшін республикалық және облыстық бюджеттен 4 млрд-қа жуық қаржы бөлінген. Осынша қаражатқа 24 мыңнан астам электронды техника алу көзделіп отыр. Ал бүгінге дейін жеткізілген жаңа құралдар әзірге қаланың оқушыларына ғана берілген. Көп ұзамай, облыс аудандары да қамтылмақ.

Гүлназ Сүлейменова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- 38 мыңдай отбасының балаларына қажет деп айтып отырмыз. Соның 12 550-ін мектептердегі жарамды компьютерден таратсақ, 19 146 бұл республикадан бөлінген қаражат есебінен қалғаны, 5 400 облыстық бюджеттен. Бұл жерде қашықтықтан оқытылатын барлық бейнекамералары, интернеттері, микрофондары, толығымен процессорлары бар. Қазіргі таңда таратылып жатыр.

Бұл мәселенің шешімі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің де бақылауына алынған. Ал өңірде 160 мыңға жуық оқушы болса, оның 104 мыңы қашықтықтан білім алады. Олардың арасында көп балалы және аз қамтылған отбасылардың да балалары бар.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы