427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шетелде жұмыс істегісі келген 400-ден аса қазақстандық азамат сан соғып қалған

  • 241
  • UPD: 02:42, 02.10.2020

Өзге елге кіру үшін виза әперіп, жұмысқа тұруға қажетті құжаттарды әзірлеуге уәде берген әлдебір компанияға әрқайсысы 700 мың теңгеден жинап берген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ соңғы сәтте компания өкілдері теріс айналды.

Жазира Мұқанова – жалғызбасты ана. Өткен жылы қазан айында нәпақа табу үшін шетелге баруға шешім қабылдайды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік «AS SENIM BUSINESS GROUP» компаниясы Дания елінде 7000 еуро көлемінде жалақы табасың деп сендіреді. Келісімшарт жасасқан соң, оның мақсаты жүзеге аспай қалған.

Жазира Мұқанова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Данияға барамыз деген. Ол жақта тамақ, киім, барлығы тегін болады деді. Мен Алматыда жұмысшы болып істеймін. Маған әке-шешем несие алып берді. Негізі сіздер жұмысқа тұрасыздар. Сіздер арқылы біз ақшамызды қайтарып аламыз деді. Виза – 1 жыл. Тағы көп бонус болды. Біз қазанның 21-і келісімшарт жасағаныз.

Компания өкілдері 30 күннен кейін Еуропаға бір жылдық жұмыс визасын беруге уәде берген. Олар тиісті рұқсаттар мен визаларды Литва елшілігі ғана береді деген. Кейіпкеріміздің айтуынша, келісімшарт, виза сынды құжаттарға 500-700 мың теңге төлеген. Бірақ ақша да, виза да жоқ.

Венера Бикошева, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Елшілікке барып, құжатымды тапсырдым. Бірақ визамды қабылдамады. Бұл компаниядан келген адамдардың визаларынан бас тартып жатқанын естідім. Оны компания басшылығына айтқанымда, ол консулға пара беру керек деп қайтадан ақша жинағысы келді. Сол кезде күмән туды. Қазіргі таңда біздің жағдай мүшкіл. Себебі кредит алдық, кейбіреуі темір тұлпарын да сатқан. Қарызға белшемізден баттық.

Литва елшілігіне хабарласып, мән-жайды білуге тырыстық. Бірақ жауап беруден бас тартты. Есесіне компания басшысы Айдос Шәріповпен байланысқа шықтық.

Айдос Шәріп, «As Senim Business Group» басшысы:

- Мен 80 адамның құжатын ғана рәсімдеу қажетпін. Басқаларына ешнәрсе қайтарып беруге тиісті емеспін. Заң алдында кінәсізбін. Азаматтардың қолдарына құжатты ұстаттым. Өз жұмысымды орандадым. Егер елшілік құжаттарды қабылдамаса, онда біздің компания оған жауапты емес. Мұның барлығы келісімшартта көрсетілген.

Жыл басынан бері елімізде осындай компанияларға қатысты 8 қылмыстық іс қозғалды. Тергеушілер алаяқтардың құрығына ілікпес үшін барлық құжаттарды мұқият тексеруге кеңес береді.

Нұридин Дауылбаев, тергеу департаментінің аймақтық бақылау басқармасының бастығы:

- Жергілікті компаниялар шетелге жұмысқа орналастыру үшін шарт түзген кезде азаматтарды еңбек емес, қонақ немесе туристік визамен алып шыққан. Шетелде оларды жұмыспен қамти алмаған. Шетелге жұмысқа бару үшін еңбек визасын ашып, баруға болады.

Интернетте мұндай компаниялардың жарнамалары өріп жүр. Делдалдар жұмысқа тұрғызуға кепілдік бермейді. Олар тек құжаттарды рәсімдеуге бағыт-бағдар беріп отырады. Алаяқтар қылмыс жасау барысында жәбірленушілердің құқықтық сауатсыздығын пайдаланады дейді заңгер. 

Илья Лунев, заңгер:

- Мұндай алаяқтардан сақ болу үшін құжатсыз уәдеге сенуге болмайды. Егер азаматтар шетелде жұмыс істегісі келсе, онда барлық құжаттарды өздері әзірлеу қажет. Оларға қомақты сомма берудің қажеті жоқ. Тақырға отырғызып кететіні анық.

Азаматтар осындай келеңсіз жағдайға тап болса, олар ақшаларын кері қайтаруы екіталай. Заң саласының маманы, алаяқ сотталғанның өзінде ақшаны қайтара алмайтынын ескертеді.

Илья Лунев, заңгер:

- Бұл жағдайда тек бір әдіс бар. Ол «Сенім» компаниясының басшысына ғана арыз жазбау қажет. Сонымен қатар менеджерлерді де, бас есепші, яғни бұл іске қатысқан барлық азаматты жауапқа тарту қажет. Сол кезде ғана қаржыны қайтаруға мүмкіндік бар.

Қазіргі уақытта аталған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Заң үстемдігі қоғамның дамуы мен гүлденуіне тікелей жағдай жасайды. Дегенмен кейде заңның да қауқарсыз кездері болады. Мұндайда әр адамға заң тұрғысынан сауаттылық қажет-ақ.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Аян Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы