427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркияға саяхаттап баратын Қазақстан азаматтары нені ескеруі тиіс?

  • 257
  • UPD: 10:54, 30.09.2020
Түркияға саяхаттап баратын Қазақстан азаматтары нені ескеруі тиіс?

Отандастарымыздың Жерорта теңізінің жағалауына деген қызығушылығы пандемия кезінде де сейілген жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір азаматтарымыз әсіресе Ыстамбұлда тыныққанды жөн көреді.

Түрік тарапы елге саяхаттап келетін шетел азаматтарынан коронавирус жұқтырмағандығы жөнінде сынама талап етпейді. Әуежайда дене қызуы өлшеніп, 38-ден жоғары адамдар ғана тест тапсырады. Егер ауру белгілері болса, тікелей ауруханаға жатқызылады. Клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушылар қонақ үйлерінде немесе арнайы мекендерде 14 күнге оқшауланады. Сондықтан коронавирусқа алдын ала тексеріліп алғаныңыз жөн.

Шаһардың барлық жерлерінде маскамен жүру міндетті. Ереже бұзушыларға 50 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.

Ыстамбұлда туристердің алғашқы аялдамасы – Сұлтанахмет алаңы. Мұндағы мұражайлардың дені ашық. Тек Айя-София музейі мешіт мәртебесіне ауысқан. Сондықтан Айя-Софияға кіру ақысыз. Бұрын билет құны 10 теңге болатын. Мешіт болғандықтан, қыз-келіншектер басты жауып кіруі тиіс. Қысқа киімдермен кіруге тыйым салынған. Кіре берісте дресс-кодты сатып алуға болады.

Айя-Софияның қазіргі мәртебесіне наразы туристер де бар. Олардың айтуынша, мешітке айналған соң, бірқатар икондардың үсті жабылған. Дегенмен саяхаттап келушілердің бір бөлігі өзгеріске дән риза.

Динара Болекенова, қазақстандық турист:

- Мұражай мешітке айналып, тегін ішке кіріп, қасиетті мекенге алақан жайып жатырмыз. Бізге қатты ұнады. Өтке керемет әсер алып отырмыз.

Шаһарда сауда орындары мен асханалар ашық. Әрине, пандемия кесірінен жабылып қалғандары да бар. Қонақүйлердің бағасы өткен жылмен салыстырғанда төмен. Дегенмен алдын ала баратын мекенжайдың жұмыс істеп тұрғанын тексеріп алған дұрыс.

Соңғы күндері елде эпидемологиялық жағдай өршіп барады. Тәулігіне мың жарымға жуық коронавирус жұқтыру дерегі тіркеледі. Алайда мамандар Ыстамбұлда жағдай тұрақты деп сендіреді. Мемлекеттік мекемелердің жұмыс кестесіне өзгеріс енгізілген. Ондағы мақсат – жолдағы кептеліс пен қоғамдық көліктегі қарбаласты азайту. 

Авторы: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы