427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет өңірлердің жылыту маусымына дайындығын қарастырды

  • 144
  • UPD: 10:44, 30.09.2020
Үкімет өңірлердің жылыту маусымына дайындығын қарастырды primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында өңірлердің алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығы талқыланды. 

Жылыту маусымына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы энергетика министрі Н.Ноғаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрі А. Цой, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ. Исқалиев, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов, сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары Р.Скляр баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz. 

Өңірлер 10662 автономды қазандық немесе 98,6%, 46561 тұрғын үй (97%) дайындады. 5 024 км жылу желісі (99,1%), 14 089 км сумен жабдықтау желілері (99,1%) жөнделді. Жылыту маусымына 11 158 (99,6%) білім беру нысаны және 5 963 (99,2%) денсаулық сақтау нысаны дайындалды. Көмір өндіруші компаниялар 69 млн тонна көмір өндірді.

Коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 17 млрд теңгені құрайды. Ең жоғары дебиторлық берешек Алматы қаласында – 4,5 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласында – 1,95 млрд теңге, Шымкент қаласында – 2,5 млрд теңге және Маңғыстау облысында – 1,4 млрд теңге сақталуда.

«Күн райының қолайсыздығына байланысты жылыту маусымы көптеген аймақтарда ертерек басталып кетті. Жалпы, өңірлердің әкімдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, әлеуметтік салаларды, жылу және энергия объектілерін жылыту маусымына дайындау бойынша жақсы жұмыс жүргізді», – деді А.Мамин.

Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының әкімдіктері әлеуметтік сала объектілері мен тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жоспарын 100% орындады.

Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы автономды қазандықтар үшін көмір дайындау жөніндегі жоспарлы көрсеткіштерді аяқтады.

Батыс Қазақстан облысында тұрғын үйлерді дайындау кестесінен артта қалу фактілері бар (61,7%). Ақмола (коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін 48% және халық үшін 61%), Ақтөбе (90,3% және 51%), Қарағанды (83% және 53%), Солтүстік Қазақстан (80% және 70%), Павлодар (халық үшін 67%) облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында (халық үшін небәрі 40%) коммуналдық қажеттіліктер мен халық үшін отын дайындау деңгейі жеткіліксіз.

Үкімет басшысы әкімдерге белгіленген мерзімдерде барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын және қажетті көлемде отын жеткізуді аяқтауды, сондай-ақ энергия өндіретін және энергия жеткізетін ұйымдармен бірлесіп, жылыту маусымын жүргізуге дайындық паспорттарын тез арада алуды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бізде өндірілетін көмірдің көлемі жеткілікті, сондықтан көмірмен қиындықтар туындамауы керек», – деді А. Мамин.

Премьер-министр өңірлердің әкімдеріне екі апта мерзімде белгіленген тәртіппен көмір дайындау және сату пункттерінің инфрақұрылымының қазіргі жағдайын, жеткізу кестесін, бағалардың негізділігі мен сатылатын көмірдің сапасын тексеруді, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, көмір жеткізу үшін вагондардың жеткілікті болуын қамтамасыз етуді тапсырды. 

«Өңірлерде кәсіпорындардың жеткізілген газ бен көмір үшін және тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін өтеу жөніндегі жұмыстар күшейтілсін», — деді премьер-министр.

А.Мамин энергетика, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне өңірлер әкімдіктерінің барлық объектілерді жылыту маусымына дайындау жұмыстарын аяқтауын бақылауға алып, мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды. 

Хабар 24 телеарнасы