428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда карантин тәртібін бұзу дерегі 47%-ке өсіп кетті

  • 191
  • UPD: 17:57, 30.09.2020

Халық санитарлық талаптарға салғырт қарап, босаңси бастады. Карантин тәртібін бұзу дерегі 47%-ке өсіп кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үкімет отырысында елдегі эпидемиологиялық ахуалды баяндаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осылай дейді. Вирус жұқтырғандар саны көбейсе, карантиндік шаралар қайта күшейтілуі мүмкін. Егер солай бола қалса, құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге дайын отыр. Бұл туралы елдің бас полицейі Ерлан Тұрғымбаев айтты.

Еліміздің екі аймағында 4 блок-бекет пен 2 санитарлық пост әлі алынбаған. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға қарай жергілікті санитарлық дәрігер осындай қаулы қабылдаған. Бұл туралы Ішкі істер министрі айтты.

Халық жасырын той жасауды да қояр емес. Мерекелік іс-шара мен ас берудің 600 дерегі тіркелген. Демалыс орындарының заңсыз жұмыс істеуіне қатысты мыңнан астам жағдай анықталған. Полицейлер мен санитарлық дәрігерлер 5 мыңнан астам рейд жүргізген. Нәтижесінде карантин режимін бұзудың 28 мың дерегі тіркеліпті.

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:

- Күн сайын 10 мыңнан аса полицей, Ұлттық ұлан сарбаздары мен волонтерлар жұмыс істеуде. Сонымен бірге полиция 299 карантин нысанын бақылауда ұстап отыр. Медициналық мекемелердің сұрауы бойынша коронавирус жұқтырған азаматтармен байланыста болған азаматтарды анықтап жатырмыз.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «халық тым босаңсып кетті», дейді. Өңірлерде бақылау және түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз. Қазір жағдай тұрақтала бастағанымен, санитарлық талапқа салғырт қарасақ, індеттің қайта өршуі әбден мүмкін. Оқу жылы басталғалы 104 оқушы коронавирус жұқтырып алған. 33 бала кезекші сыныпта білім алып жүрген. Қалғандары қашықтан оқитындар. Олармен байланыста болған 500-ден астам адамның жетеуі вирус жұқтырып үлгерген.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Рейдтерден байқағанымыздай, карантин режимінің әлсіреуімен бірге карантин тәртібін бұзу жағдайлары 34%-тен 47%-ке дейін артты. Карантин тәртібін бұзу деректері 10 өңірде тіркелді. 5-27 қыркүйек аралығында маска режимін сақтамағаны үшін 1130 адам жазаланды. Осыған байланысты аймақ басшылары нысандарда маска режимінің сақталуын қадағалап, елге түсіндіру жұмыстарын күшейтсе дейміз.

Індеттің екінші толқыны бола қалса деп, өңірлер дайындыққа кірісті. Қоймаларда 15 млн бетперде, тұрақтандыру қорларында дәрі-дәрмектің 44 түрі бар. Қосымша қор құру үшін 13 млрд теңге жұмсалған. Елді мекендерде медициналық қызмет көрсету үшін 100 жылжымалы пункт сатып алынған. Барлық өңірде қосымша төсек-орын дайындалды. Үйде емделетін науқастарға тегін дәрі-дәрмек қарастырылған. Қам жасалып жатыр. Дегенмен, ең бастысы – санитарлық талапты сақтау шарт.

Жалпы елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Вирустың репродуктивтік деңгейі 0,93%-ті құрап отыр. Бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Дегенмен, әлемде және бірқатар шекара маңындағы елдердегі эпидемияның тұрақсыздығын ескеріп, біз санитариялық талаптарды сақтау шараларын күшейтуіміз қажет. Мүдделі мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктері санитариялық-эпидемиологиялық іс-шаралардың 100% дайындығын қамтамасыз етуі тиіс.

Үкімет басшысы облыс әкімдеріне нақты тапсырмалар берді. Оның ішінде сырттан келетін жолаушыларды санитарлық-карантиндік бақылуға алу шараларын күшейтуді тапсырды. Әйтпесе, біраз елде эпидемиологиялық ахуал нашарлады. Осы орайда Денсаулық сақтау министрі кей келге әуе қатынасын жандандыруды тоқтата тұруды ұсынды. Түркияға қатынайтын рейстерді азайту керектігін айттты. Оның бұл ұсынысы арнайы комиссия отырысында қаралады.

Хабар 24 телеарнасы