432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда жұрт асыға күткен кәріз жүйесі қолданысқа берілмей тұр

  • 172
  • UPD: 10:05, 01.10.2020

Павлодар қаласындағы шағын аудан тұрғындары тағы дабыл қақты. Жерасты сулары көтеріліп, халықты әбігерге салған мәселенің түйіні тарқамақ емес. Өткен жылдың соңында жұрт зор үміт артқан орталық кәріз жүйесі әлі күнге дейін іске қосылмады. Бұл инфрақұрылым шағын ауданның 13 көшесіне қызмет көрсетуге арналған еді. Бірақ жауаптылардың уәдесі сол күйі қалып отыр. 

- Вот мой отстойник, грунтовые воды поднимаются, их видно даже вот... 

Василий Афанасьев жертөлесіне жиналған суды тәулігіне бірнеше рет сорғызып алады. Күнделікті тірлігі осы. Көшенің 11 жер үйінде де осындай жағдай.

Василий Афанасьев, қала тұрғыны:

- Соңғы 5-6 жыл бойы су көтеріле берді. Салдарынан үйді сыз басты, қабырғалары қирай бастады. Жөндей-жөндей шаршадық.

Осы жылдың тамызында тұрғындардың шағымын жергілікті билік өкілдері тыңдап, мәселеге көз жеткізді. Жауаптыларға тапсырма да берілді, бірақ нәтиже жоқ. Бір қызығы, осы жерде кәріз жүйесі жұмыс істеп тұрған. Бірақ жаңа жүйені салу барысында бұрынғысы зақымданып, істен шыққан. Енді тұрғындар жаңа нысанға қосылулары керек.

Сахинат Мағзұмова, қала тұрғыны:

- Жаңа кәріз жүйесіне қосылу 400 мың теңгенің үстінде. Бізде сондай қаражат қайдан болсын? Ол жүйе іске қосылған да жоқ. Біздің құдықтардың барлығы суға толы. 15 жыл бұрын да қыруар қаржы жұмсадық қой. Не масқара бұл? 

Жаңа кәріз жүйесі 13 көшеге қызмет көрсетуі тиіс еді. Тұрғындардың бас ауруына айналған мәселе түбегейлі шешіледі деп жоспарланған. Дегенмен, мәселе сол күйінде қалып отыр.

Айнаш Сүтбаева, бастамашыл топ жетекшісі:

- Үміттен гөрі күмән басым. Кәріз жүйесі жарамды ма? Топырақ суы көтеріліп, үйлерімізге кіріп кете ме деп қорқамыз. Жергілікті биліктен мардымды жауап жоқ. Мердігер ұйымдар, олар да ауыса берді. Шағым айтудан жалықтық. 

Кәріз жүйесі іске қосылғанда жүктеме шамадан тыс артық болып шықты. Соның салдарынан ақаулар пайда болған. Бар проблема осында. Айта кетейік, жобаның алғашқы кезеңіне 316 млн теңге, ал екінші кезеңіне 180 млн. теңге жұмсалды.

Сәкен Төлегенов, қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы:

- Қазіргі уақытта зақымданған учаскелер жөнделіп жатыр. Архангельская-Щедрин көшелеріндегі кәріз сорғы станциясы сынып қалды. Нақтырақ айтқанда, жүйе балшықпен бітеліп қалды. Содан қирап қалды. Мердігер ұйымдарға осындай тапсырма берілді. Жұмыстарды тез арада аяқтап үлгіру керек. 

Шенеуніктер туындаған мәселенің себебін айтумен шектелді. Жөндеу жұмыстарының қашан аяқталып, іске қосылатыны әзірге белгісіз. Ал тұрғындарға күтуден басқа амал жоқ. 

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы