428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да қарақұмықты ору басталды

  • 68
  • UPD: 15:45, 01.10.2020

Солтүстік Қазақстан облысында қарақұмыққа орақ түсті. Өңір аграрилерінің басым көпшілігі дақылдың бұл түрін биыл алғаш рет еккен. Осылайша ризығын жерден табатын  шаруалар ішкі нарықты ғана қамтамасыз етіп қоймай, экспортқа шығармақ.

Солтүстікқазақстандық шаруа Жомарт Омаров қарақұмықты алғаш рет еккен. Нарықта үлкен сұранысқа ие бұл дақыл түріне арнайы алқап бөлінген. Қазір гектарынан 14 центрден өнім жинап жатыр. Бағасы да жаман емес. Тоннасы – 170-200 мың.

Жомарт Омаров, шаруашылық директоры:

- Балабақшалар мен мектептер, бюджеттік мекемелер көп бізде, қарақұмықты шеттен сатып алатын. Оның үстіне бұл әлеуметтік маңыздағы тауар. Сондықтан өзіміз өндіруіміз керек деп санаймын. Ол үшін барлық жағдай жасалған.  

Биыл облыста қарақұмық алқабы 2,5 есеге артып, ол 4,2 миллион гектарға жетті. 30-дан астам шаруашылық осы дақылды өсіруге ден қойған. Себебі сұраныс жоғары. Ал қазір бірінші кезекте - ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету міндеті тұр.

Бақтияр Тоқжігітов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Бұл қарақұмықты сатып алатын астық трейдерлері бар. Әзірге ол қайта өңдеу кәсіпорындарына жөнелтіледі. Ал бір бөлігін шетелге экспорттауды жоспарлап отырмыз. 

Елдің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің қаншалықты маңызды екені індет кезінде де байқалды. Сауда нүктелерінде қарақұмық ерекше сұранысқа ие болды. Сондықтан солтүстікқазақстандық шаруалар  келер жылы қарақұмық алқабын екі есеге ұлғайтуды көздеп отыр. 

Самат Қайырденұлы, Нұргүл Ахметова, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы