430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы Тұғыл ауылының тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

  • 208
  • UPD: 22:10, 01.10.2020

Шығыс Қазақстан облысындағы Тұғыл ауылында 4 мыңнан астам тұрғын әлі күнге дейін таза ауыз суға жарымай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаталаған жұрт осы мәселені жаз бойы айтып келеді.

Тілшілеріміз тамыз айында осы ауылға барып, елмен кездесіп қайтқан еді. Сол кезде мердігер компания өкілі бір апта ішінде кемшілік жойылып, су беріледі деп уәде еткен. Алайда содан бері екі ай өтті. Ештеңе өзгермеген.

Тұғылдықтар тамыз айында осылай деп шулап, тайлы таяғы қалмай ауыз су мәселесін ашына айтқан еді. Олардың айтуларынша, 2018 «Ақбұлақ» бағдарламасымен су тартылып, оны жергілікті әкімдік қабылдап алған. Тіпті әрбір үй 50-70 мың теңгелерін шығындап, аулаларына тартып алыпты. Алайда сол беті бір тамшы су көрмеген. Тек ескі құдықтан кестемен ағатын суды місе тұтты. Жаз шыға, ол да бітіп, жұрт қаталап қалды. Ашынған елге сол кезде мердігер компания өкілі бір аптада су болады деп уәдені үйіп төккен еді.

Қанат Халелов, мердігер компания директоры:

– Біздің есебіміз бойынша бір апта мөлшерін жасап, бітіруіміз керек. Қалай болғанда да, біздің кепілдік уақытымыз бар.

Бірақ іскер азамат айтқан межелі уақыттан бері екі ай өтті. «Ақбұлақтың» суы ағар емес. Өскеменге келіп бізбен жүздескен Ержан Ықыласовтың сөзінше, мәселенің түйткілді тұстары көп. Сондықтан көпшілікте күмән басым.

Ержан Ықыласов, Тұғыл ауылының тұрғыны:

– Біз барлық инстанцияларға, жемқорлыққа қарсы агенттікке, облыс әкімдігіне де жаздық, Nur Otan-ға да жаздық, енді өзіміз білмейміз қайда баратынымызды, барлығын тексеру керек, көру керек, кемшіліктерін біле тұра қалай қабылдап алды. Тарбағатай ауданының әкімдігі мердігер компанияны жауапсыз компания ретінде сотқа берді.

Жұмыстың сапасыздығын сала мамандары да растады. Құрылыс монтаждау жұмыстары талапқа сай болмаған. Соның салдарынан резервуарға су тоқтамаған. Аудан әкімдігі мердігер компанияны сотқа беріп тынды.

Нұрлан Рамазанов, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Резервуардың жұмысының сапасыз екендігі анықталды. Шілде және тамыз айында ішінде тесіктер жамалып жұмыстар атқарылды. Мердігер компания «ПМК Құрылыс» атқарды. Тапсырыс беруші Тарбағатай аудандық әкімдігі сотқа берді.

Соңынан резервуардың қабырғасы мен еденін 10 см-ге қалыңдату туралы шешім қабылданыпты. Оның үстіне алдыңғы екі ұңғымадан жиналған су ауылға аздық еткен соң үшіншісі қазылып жатыр дейді бұл мәселені бақылап жүрген Nur Otan партиясының өкілдері. Оларға да биыл Тұғыл ауылы ауыз сумен қамтылады деп уәде беріліпті.

Жәдігер Канафин, Nur Otan партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау инспекторы:

– Биыл резервуар қабырғасын жамап, төбесін жауып, үшінші су скважинасы қосылғаннан кейін жаңа су құбыры арқылы халық орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады деп уәде берді.

Мұндай уәдені облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы да беріп отыр. Олар қазанның соңына дейін барлық шаруа аяқталып, қарашада ауылға су кіреді деп нық сендірді.

Авторлары: ЭльмираАхметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы