429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысындағы Қазфосфат минералды тыңайтқыштар зауыты экспорт көлемін ұлғайтты

  • 262
  • UPD: 23:05, 01.10.2020

Жыл басынан бері кәсіпорын шығарылған өнімнің 89 процентін шетел нарығына жөнелткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір әсіресе, сары фосфор экспортына ден қойылып отыр. Бұл бағытта өндіріс орнына «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қазақстанның даму банкі арқылы қаржылай қолдау көрсетілген. Соның арқасында зауыттың экспорттық әлеуеті артып, бәсекеге қабілеттілігі арта түсті.

Қазфосфат бүгінде фосфор өнімдерінің 22 түрін өндіреді. Соның негізгісі – сары фосфор. Ал бұл өндірістегі қаражатты ең көп талап ететін сала. Дүние жүзі бойынша сары фосфор 4 мемлекетте шығарылатын болса, соның бірі Қазфосфат кәсіпорнында дайындалады. Бүгінде зауыт әлемнің 33 мемлекетіне отандық тауарды экспорттап отыр. Сұраныс артып келеді. Сондықтан кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі мен экспорттық әлеуетін арттыруын қаржылай сүйемелдеу – маңызды шара. Мұны мемлекет «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Қазақстанның даму банкі» арқылы жүзеге асырып келеді.

Мұқаш Ескендіров, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры:

– Шикізаттың, энергияның келгені бар, одан кейін өнім шығаратын уақыт бар. Тұтынушыларға жіберетін уақытымыз бар. Сол уақыттың барлығы 180-240 күнге дейін жетеді. Сол аралықта қаражат жағын толтырып тұру үшін әрине бізге бір жерден қаржы алу керек. «Қазақстанның даму банкі» үлкен көмек көрсетіп жатыр.

Қазақстанның даму банкі өндірісорнына қолдау көрсету бағытында 7 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие рәсімдеген. Бұл химиялық өндірістің алыбы саналатын компания жұмысына тың серпін берді. 

Мәдина Баймен, «Қазақстанның даму банкі» клиенттермен жұмыс жасау дирекциясының банкирі:

– Қазақстанның даму банкі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының негізгі операторы болып табылады. Банк өз мүмкіншілігі аясында отандық экспорттаушы компанияларға қолдау көрсетіп келеді. Оның ішінде Қазфосфат кәсіпорны да бар. Соңғы 5 жыл ішінде банк пен Қазфосфат арасында сенімді әрі тұрақты әріптестік орнатылған. Қаржыландырудың басты мақсаты дайын өнім шығаруға қажетті шикізат сатып алуға мүмкіндік жасау болып табылады. Бұл бірінші кезекте экспорттық әлеуетін еселеуге мүмкіндік береді.

Биыл компания жыл соңына дейін 155 миллиард теңгенің өнімін өндірмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,4 процентке артық. Қазір отандық өнімге сұраныс жоғары. Енді кәсіпорын жылына өндірілетін минералды тынайтқыш көлемін 1 миллион тоннаға дейін көбейтуді көздеп отыр. Бұл бағытта қазір жылдық қуаты 500 мың тонна болатын қосымша зауыт салып жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы