428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» арнасындағы «Удачная сделка» бағдарламасының жеңімпазы 1,5 млн теңге ұтып алды

  • 170
  • UPD: 23:11, 01.10.2020

Алматы қаласының тұрғыны 1 млн. 500 мың  теңге ұтып алды. Евгений Солдатенко «Хабар» арнасынан көрсетілетін «Удачная сделка» бағдарламасына қатысып, жеңімпаз атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екі баланы бір өзі тәрбиелеп отырған әке үшін бұл күтпеген оқиға болды.

«Удачная сделка» бағдарламасының 46-шығарылымының негізгі ойыншысы Евгений Солдатенко болды. Ол бұл теле-шоу туралы әлеуметтік желіден біліп, 8 рет қатысқан. Ал бұл жолы сандарды кездейсоқ жүйемен таңдайтын компьютер оны ортаға шығарды.

Бір негізгі және 22 қосымша ойыншы қатысатын шоу, білімнен гөрі ішкі түйсік пен сәттілікке негізделген. Ортаға шыққан қатысушы алдында тұрған 22 жәшікті ашу керек. Бұл жәшіктерде 1 теңгеден бастап, 3 млн-ға дейінгі сома көрсетілген. Ойыншы бағдарламаның бастапқы бөлігінде барынша ең төменгі соманы тауып, олардан құтылу керек. Ойын шарты бойынша соңына таман қомақты соманың қалғаны маңызды. Тәуекелге барғысы келмейтін ойыншы банктің ұсынысын қабылдап, ойыннан шыға алады. Ал алматылық азамат банк ұсынған 370 мың теңгеден бас тартып, 50 теңге мен 1,5 миллион арасынан дұрыс таңдау жасады.

Евгений Солдатенко – екі баланы бір өзі тәрбиелеп отырған әке. Үлкені – 9 жасар қыз, кішісі - 3 жасар ұл. Өзі балалар үйінде өскен Евгений балаларының тарықпай өскенін қалайды. Сондықтан бұл қаржыны үлкен қаладан болмаса да, ауылдық жерден баспана алуға жұмсаймын дейді.

Евгений Солдатенко, жеңімпаз:

– Бұл мен үшін ерекше сәттілік болды. Өзім екі баланы жалғыз асырап отырған әкемін. Өмірде көп қиындық көргенімді де жасырмаймын. Сондықтан балаларым қиындық көрмесе екен деймін. Әрине, бұл қаржыны ең алдымен баспана алу үшін алғашқы жарнаға құямын. Маған осындай мүмкіндік берген «Хабар» арнасына, бағдарлама ұжымына алғысым шексіз! Бағдарламаның шынайы екеніне көзім жетті.

Ильяс Куканов, «Удачная сделка» теле-шоуының шеф редакторы:

– Бұл – әлемнің 80-нен астам елінде көрсетіліп, халықтың қызығушылығын тудырған бағдарлама. Көрерменге үміт сыйлайтын жобаны біз де көрсетсек деп шештік. Осы уақытқа дейін 46 бағдарлама түсірілді. Олардың бірінде 950 мың, 750 мың теңге ұтып алғандар болды.

Сонымен еш қиындықсыз миллионер атанғыңыз келсе, «Удачная сделка» жобасына қатысып, бағыңызды сынап көріңіз! Бағдарлама «Хабар» арнасында  әр аптаның дүйсенбісінен жұма аралығында көрсетіледі.

Авторлары: Алуа Маханбет, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы