432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда қаңғыбас ит-мысықтарды биозарарсыздандыру жұмысы басталды

  • 170
  • UPD: 22:08, 01.10.2020

Оралда иесіз ит-мысық қаптап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жөнінде бірер апта бұрын арнамыздан көрсеткен едік. Енді мұның да амалы табылатын болды. Яғни мамандар иесіз үй жануарларын ұрықсыздандырып, кейін қоя береді. Бұл жұмыстарды атқаруға студенттер де көмектесіп жатыр.

Қалада иесіз ит-мысықтарды аулау жұмысы басталып кетті. Ветеринария станциясынан әзірге 1 бригада жұмылдырылған. Шаһардың әр аумағында иесіз кеткен үй хайуандарының жүргені туралы хабарламалар жиі түседі дейді мамандар. Ендігі мәселе – олардың одан әрі көбеймеуі үшін ұрықсыздандыру жұмыстары жүргізіледі. Мәселені осындай клиникалық жолмен шешуді тұрғындар тиімді тәсіл деп санайды.

Ерболат Мағзомов, қала тұрғыны:

– Бұрынғы кезде ату болды, одан кейін дәрі беріп, ұйықтату болды. Оның бәрі де қолайсыз болды. Ендігі жерде ит пен мысықтарды осы тәсілмен жоямыз. Екіншіден, зарарсыздандыру кезінде иттерді ауруларға қарсы егіп жібереді.

Құтыру белгісі бар немесе қабаған иттердің көзі жойылады. Ал қалғаны аграрлық университеттің ветеринарлық клиникасына жеткізіледі.

Ғаділбек Әлібеков, қалалық ветеринария станциясы директорының м.а:

– Күніне 7-10 өтініш түсіп жатады. Енді екінші бригаданы жасақтап жатырмыз. Бір бригада бүгін таңертең өтініштерін алып, көшеге шықты. Тек өтініштер ғана емес, көшеде жүрген қаңғыбас иттерді аулайды.

Көше кезген иттердің кейбіреуінің иелері болуы да мүмкін. Алайда қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз жүрсе дереу ауланады. Кейін ұрықсыздандырылып, арнайы чип тағылады. Сөйтіп қайта босатып жібереді. Бұл жұмыстарды жоғары оқу орнының студенттері мен магистранттары атқарады.

Әлжан Шамшиден, университет проректоры:

– «Ұйқылы иттер» деп атайды, көшеде ешқандай адамға қауіп төндірмей, өз бетімен жүретін иттерге қол жеткізу, сонымен қатар саны көбейіп кетпеуін қадағалау – біздің мақсат.

Қалада жыл соңына дейін 3 мыңнан астам үй жануарларын аулау жоспары бар. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 35 млн теңге бөлінген.

Ізімғали Жұбантаев, ветеринарлық медицина және биотехнология институтының директоры:

– Қаражат жануарларды ұстауға, оларды қоректендендіруге, операция жасауға, түрлі ауруларға қарсы егуге және чиптер тағуға қарастырылған. Мәселен, әрбір еркек итті күтіп-баптауға және операция жасауға 11 мың теңге, ал ұрғашы иттерге 5 500 теңгеден жұмсалады.

Мұндай әдіс өңірде алғаш рет қолданылып отыр. Бүгінге дейін бас-аяғы 50-ге жуық ит-мысыққа операция жасалған.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы