432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе іргесіндегі саяжай тұрғындары аялдамаға дейін 4 шақырым жаяу жүруге мәжбүр

  • 176
  • UPD: 02:35, 02.10.2020

Мыңдаған тұрғыны бар Келешек ауданына қоғамдық көлік тек жаз мезгілінде қатынайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маусымдық автобус бүгіннен бастап көктемге дейін жүруін тоқтатқан.

Келешек елді мекені маңындағы саяжайлар Ақтөбенің шағын аудандарының бірі іспетті. Мұнда жыл бойы мекендейтін тұрғындар саны мыңнан асады. Шаһардың Қарғалы және Нұр Ақтөбе аудандары ортасында орналасқан. Соған қарамастан қоғамдық көлік елді мекеннің ішіне тек мамыр және қазан айлары аралығында ғана бас сұғады. Өзге уақытта тұрғындар төрт шақырымға жуық жаяу жүріп, орталық жолдың бойына шығуға мәжбүр. Бұл жайт әсіресе қариялар мен бүлдіршіндерге ауыр тигендіктен жергілікті халық қоғамдық көлікті сағаттап болса да күтуге әзір.

Сақтаған Рахметалиев, саяжай тұрғыны:

– Үш мезгіл жіберу керек тақи болмаса. Балаларымыз қазір карантинге байланысты сабаққа бармай отыр. Дегенмен ертеңгісін таң атпай жұмысшылар шығады. Қыз балалар қараңғыда шығады. Кішкентай балаларға дейін ұрып кетіп жатыр. Келіншектерді зорлап кетіп жатыр. Сондықтан бізге автобус керек.

Әдетте бүлдіршіндерді тасымалдайтын мектеп автобустары да бұл аумаққа бұрылмай, жол бойынан ғана жинап әкетеді. Жұмыс орнын айтпағанда, емхана мен балабақша, білім ордаларына қатынауы қиынға түскен тұрғындар бірнеше рет қала әкіміне арызданғанымен, нәтиже болмай отыр. Тек 2017 жылы суы тасып, халықты үдере көшірген Елек өзені ғана жаяулардың жолын қысқартады.

Мансұр Есқожин, тілші:

– Саяжай тұрғындары қыс пен қақаған аяздың келуін асыға күтуде. Себебі сол кезде ең жақын аялдамаға 20 минут ішінде жаяу жетуге мүмкіндік туады. Ол үшін Елек өзенін осы тұста мұздың бетімен кесіп өтуге болады.

Алайда өзен бетін кесіп өту өте қауіпті. Әсіресе көктем кезінде тұрғындар жанын шүберекке түйіп, тәуекелге барады.

Гүлнәр Ғұмарова, саяжай тұрғыны:

– Бұл жер ескі. Өте терең. Сондықтан өте қауіпті. Бір күні жұмыстан келе жатқанда ыңғайсыз дыбыс болды, ізіме қарасам, ізім толы су. Жүгіріп шыққанда жүрегім аузыма тығылып, бергі жаққа шыққанымды байқамай қалдым.

Қаланың іргесіндегі саяжай тұрғындарының бұл жайынан жергілікті шенеуніктер хабардар. Алайда жақын күндері бұл бағытта қоғамдық көліктің тұрақты түрде жүрмейтіндігін жеткізді. Алдымен жүздеген түтіні бар аудан жолдарына асфальт төселуі тиіс.

Жайық Қодаш, қалалық ТҮКШ бөлімі секторының жетекші маманы:

– Қоғамдық көліктерді магистральдік жолдармен жүргізуге міндеттіміз. Өйткені қазір Келешек елді мекенінде ішкі жолдарында асфальт жабындысы төселмеген. Сол себептен де біз қоғамдық көлікті Келешек елді мекенінің ішіне кіргізе алмаймыз. Алдағы уақытта асфальт жабындысы төселгеннен кейін ғана 19 бағыт автобусының қозғалыс сызбасын өзгерту жұмыстары жүргізілетін болады.

Бұқара халықтың асыға күтіп отырған тас жолы қашан салынатынын қалалық коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандары айта алмады. Тек бюджеттің мүмкіндігіне ғана сілтей салды. Сондықтан тұрғындардың биылғы қыста да өмірлерін қауіпке тігіп, өзенді кесіп өтуден басқа амалдары жоқ.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы