432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Пәтер, көлік, ақшалай гранттар – Алматыда мұғалімдерді қалай құттықтады

  • 179
  • UPD: 13:50, 02.10.2020
Пәтер, көлік, ақшалай гранттар – Алматыда мұғалімдерді қалай құттықтады gov.kz

Мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мегаполис педагогтарын құттықтады және «Жыл мұғалімі» байқауының жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар мен ақшалай гарнттарды тапсырды.

Алматы ТА-ның тікелей эфирінде көрсетілген шараға педагог ардагерлер, мұғалімдер және білім ұйымдарының басшылары қатысты.

Мерекелік рәсім барысында мұғалімдер – «Алматының жыл мұғалімі» және «Алматы қаласы әкімінің арнайы гранты» қалалық байқауларының, сонымен қатар «Үздік педагог» республикалық байқауы қалалық турының жеңімпаздары ұлықталды.

«Алматының жыл мұғалімі» және «Алматы қаласы әкімінің арнайы гранты» қалалық байқаулары Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың бастамасы бойынша өткен жылы алғаш рет ұйымдастырылған еді, оның мақсаты – мұғалім мамандығының беделін арттыру, озық педагогикалық тәжірибені кеңінен тарату.

«Жыл мұғалімі» қалалық байқауының Гран-при жүлдегері №133 мектептің оқытушысы Мақпал Шүкееваға 2 бөлмелі пәтердің кілті, ал 1 орынды жеңіп алған №140 мектеп-гимназияның оқытушысы Дәурен Сағынғалиевке көлік кілті тапсырылды. Қалған жеңімпаздарға ақшалай жүлделер мен гранттар берілді. Бірқатар мұғалімдер Білім және ғылым министрлігінің ведомствалық марапаттарымен аталып өтілді.

Қаланың педагогикалық қауымдастығын құттықтаған Алматы әкімі Б. Сағынтаев ұстаздардың ең мәртебелі миссия – өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім беретіндерін атап өтті.

«Мұғалімдерге зор жауапкершілік жүктеліп отыр, өйткені болашақта елімізде қандай ұрпақтың өмір сүріп, еңбек ететіні ұстаздарға тікелей байланысты. Сондықтан, тек Мұғалім ғана білім берудегі басты кейіпкер болып табылады», – деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімі білім жүйесін дамыту шаралары, білім берудің жаңа мекемелерін салу, жас мамандарға қолдау көрсету туралы да айтып өтті. Мысалы, ағымдағы жылы қала мектептерінде өздерінің еңбек жолдарын бастаған жас мұғалімдерге материалдық көмек ретінде бірреттік төлем беру практикасы жалғасатын болады. Қазан айында жалпы сомасы 27 млн теңгеден асатын төлемді 549 жас мұғалім алды.

Айта кетерлігі, қала мұғалімдерінің тұрғын үй жағдайын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударылады. Бүгінгі күні жеңілдетілген несие беретін «Алматы жастары 3.0» қалалық бағдарлама аясында 187 жас мұғалім баспаналы болды.

Алматының білім жүйесінде 32 мыңнан астам педагог бар, олардың 500-ден астамы ағымдағы жылы өздерінің алғашқы еңбек жолдарын бастаған жас мамандар.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы