428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада жануарлар құқығын заңнамалық тұрғыдан реттеу мәселесі қаралды

  • 212
  • UPD: 15:47, 02.10.2020

Жануарды қинайтын адам кейпіндегі айуандарды 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру керек.

Төртаяқтылардың құқығын қорғаушылар осындай ұсыныс тастап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін елордада жануарлар құқығын заңнамалық тұрғыдан реттеу мәселесі қаралды. Елімізде тұңғыш рет қолға алынған заң жобасында тағы қандай түйткілдер назарға алынбақ?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Атырауда әлдібіреу итті буындырды. Алматыда балалар күшікті тірідей өртесе, Өскемендегі саққұлақтың басына шеге қағылды. Соңғы кезде жаға ұстатар осындай жайттар белең алған сияқты. Алайда, жануарлар құқығын қорғаушылар бұнымен келіспейді. Еліміздің әр өңірінде адам кейпіндегі айуандар ит-мысықты күнде қорлап жатады. Оның тек жария болған бір парасы ғана ресми статистикаға ілігеді екен. Мәселен, соңғы бес жылда төртаяқтыларды қорлаудың 650 ісі тіркелген. Оның тек жетеуі ғана сотқа дейін жетті.

Юлия Коваленко, «Каре-забота» қорының басшысы:

- Осы ретте Қылмыстық кодекстің 316-бабын қайта қарауды ұсынамыз. Осы бап бойынша санкцияны күшейту қажет, құқық қорғау органдарына ол бойынша қалай жұмыс істеу керегін түсіндіретін әдістемелікті әзірлеуді ұсынамыз. Сондай-ақ медициналық сараптаманы жүргізу жүйесін құрған жөн.

Бұған дейін де жануарларды қорғау мәселесі бірнеше рет көтерілген еді. Алайда, оны іске асыратын өкілетті мемлекеттік органның жоғы қолбайлау болды. Енді тиісті заң жобасын қоғамдық ұйымдар бірлесе әзірлеуге кіріскен. Мәселен, экологиялық ұйымдар қауымдастығы сауда орталығындағы зоопарктер мен цирктер жұмысын тоқтатуды ұсынып отыр. 

Елдос Абақанов, Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы төрағасының орынбасары:

- Әлемдік трендтерге қарайтын болсақ, көбінесе цирктердің барлығы жануарсыз цирктерге айналып жатыр. Бүгінгі күнде, тіпті конференция барысында айтылды. Еуропаның конвенциялары бар жануарларды қорғау, су жануарларын қорғау, әр жануарды қорғау бойынша өз конвенциясы бар. Сол конвенцияларға Қазақстан қол қойса, сол цирктерде жануарсыз нөмірлер жасаса, ол дұрыс деп есептейміз.

Мәлім болғандай, елде қаңғыбас ит-мысықтардың күтімін қамтитын нақты бағдарлама жоқ. Жергілікті әкімдіктер деңгейінде ғана жануарларды аулауға және жоюға қаржы бөлінеді. Ал, тұрақтағы күтімге жеке ақша қарастырылмаған. Конференция кезінде әрбір қала деңгейінде осы мәселені реттеуге сеп болар кеңес құру ұсынылды.

Дәулет Досқұлов, қалалық орта сапасын бақылау басқармасы басшысының орынбасары:

- Әрине, кеңес жұмысынан керемет нәтиже күту әбестік болар. Дегенмен, жануарларды қорғау мәселесіне келгенде мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын тиімді жүргізуге ықпал ететіні сөзсіз.

Иә, Қазақстанда жануарларға аяушылықпен қарауға үндейтін заң жоқ. Дегенмен, сең қозғалды. Мемлекет басшысы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті жұмыс жүргізуге тапсырды. Конференция барысында шетелдердің озық тәжірибесі мен төртаяқтыларды қорғаудың тиімді тетіктері зерделенді. Алдағы уақытта тиісті заң жобасы қоғам назарына ұсынылмақ.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Ерзат Зайытханов

Хабар 24 телеарнасы