428,50 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қармақшы ауданында құс фабрикасының құрылысы тоқтап тұр

  • 168
  • UPD: 22:06, 02.10.2020

Қызылорда облысында құс фабрикасының құрылысы тоқтап тұр. Жылына мың жарым тонна ет өндіретін «Қармақшы құс» комбинатының алғашқы өнімі биыл жыл аяғына дейін саудаға шығарылуы тиіс еді. Алайда құны 2 миллиард теңгені құрайтын жобаның іске қосылуы әлі жарты жылға созылатын түрі бар.

Өндірістік нысан құрылысы Қармақшы ауданындағы Ақтөбе ауылында 2 жыл бұрын басталды. 240 мың тауық өсіретін 6 бөліктік қора-жай мен инкубациялық және сою цехтары дайын. Бірақ қондырғылардың келуі кешігіп жатыр. 

Нұрлан Іздібаев, жоба жетекшісі:

- Шетелдік қондырғыларды әкелетін әріптестеріміз Қазақстанға кіре алмай қиындықтар туындады. Індетке байланысты ауыр құрылыс бетон құятын Қызылордадағы үлкен мекеме, зауыттар жабылып қалып, көп қиындықтар туындады. Қазіргі кезде күн салқындаймын дегенше бүкіл құрылыс жұмыстарын, жарықтандыру, жол барлығын осы қазан айының аяғына дейін аяқтаймыз деген ойымыз бар. 

Жоғары технологиялы қондырғылар келіп, орнатылса өндірістік желіні қосып, жергілікті тұрғындарды үйрететін арнайы мамандар тобы келеді. Ал шикізат пен өнімді өткізу нарығы алдын-ала жоспарланып қойылған. 

Жалғас Сүйеубаев, Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары:

- 1-кезекте отандық тауар айналымда болу керек. Шикізатқа байланысты құс өскеннен кейін жемі-суы болады. Яғни бізге аудандағы шаруашылық құрылымдарына қосымша жұмыс көзі ашылады. Яғни айтқанда соя егуіміз керек болады. Бидай, жүгері егуіміз керек болады.

Жалпы облыс көлемінде құс өсірумен айналысатын 1 ферма және 3 шаруашылық бар. Өңірде 124 мыңдай үй және 700 мыңдай жабайы құс есепке алынған. Жергілікті ветеринарлардың мәліметінше құс тұмауы тіркелмеген, эпизоотиялық ахуал тұрақты.   

Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы