432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған иппотерапия курсы тегін ұсынылады

  • 275
  • UPD: 15:34, 03.10.2020

Ақтөбеде тірек-қимыл аппараты және сал ауруына шалдыққан адамдарды атқа мінгізіп емдеу ісі қарқын ала түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаладағы жалғыз спорт клубына келушілердің қатары 200-ге таяп қалған. Мамандардың есебінше, тек мыңнан астам бала иппотерапия курсынан өтуі қажет. Ал жылқының арқасында дертінен айыққан бірнеше жан енді ат спортынан жарысқа дайындалуда. 

Тілепберген Бурекешов – 15 жасар немересін иппотерапия курсына әкеліп жүрген ақтөбеліктердің бірі. Оның денсаулығын түзету үшін аптасына екі мәрте 40 шақырым жер жүріп, өздері тұратын Шәмші ауылынан қалаға жетеді. Кішкентайынан қолдарына алған Әлияға үш жасында «аутизм» диагнозы қойылған. Содан бері ем іздеп, бармаған жері қалмапты. Бірақ бүгінде оң өзгерістің байқалатынын айтады.

Тілепберген Бурекешов, Ш.Қалдыаяқов ауылының тұрғыны:

– Осында келгелі баламызға жақсы көмек көрсететін шығар деп жатырмыз. Бала дұрысталып кетсе, одан басқа бізге ештеңе керек емес. Жағдайы аздап жақсы болады. Кіргеннен кейін қуанып, аздап атқа мінетінін біледі. Жаман болып жатқан жоқ.

Ал атқа мінудің арқасында Илья Рябиков бала күнінен жармасқан ауыр дертінен айығып келеді. Бірінші топ мүгедегі қатарына жатқызылған ол қазір жастайынан таңылған арбасын тастап аяғына тұрған. Бұл – екі жыл ішінде қол жеткізген зор жетістігі. Өмірге құлшынысы артқан жігіт бүгінде жаттығуды жиілеткен. Алдағы айлардың бірінде ат спорты бойынша өтетін жарысқа қатыспақ.

Илья Рябиков, қала тұрғыны:

– Өз аяғыммен жүре бастағанда қатты қуандым. Нағыз бақытты сезіндім. Өйткені мен бұрын ешқашан тұрмай, дәрі ішіп, ем қабылдай берем деп ойлаған едім. Қазір бас ауруы да тыйылып, жайым жақсара түсті. Енді алдағы уақытта осында жаттығатын үш адаммен бірге жарысқа барамын.

Иппотерапия курсына бүгінде 185 мүгедек жан келіп жүр. Арасында сал ауруына шалдыққан, тірек-қимыл жүйесі бұзылған кішкентай балалар да бар. Шектеу шараларынан кейін келушілердің қатары артқан соң, мамандардың кейбірі демалыс күндері де жұмыс істеуді қолға алған. Ал үйретілген жылқыларды ат спорты бойынша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бөліп отыр.

Луара Берманова, жаттықтырушы:

– Диагнозына байланысты жаттығу өткіземіз. Бала денсаулығына жақсы. Өз көзіммен көріп жүрмін, бізде жүре алмай келіп жүрген балалардың өзі жаттығу жасайды, үйренеді, сөйлейді және бойындағы қорқыныштың бәрі кетеді. Өмірге деген құлшынысын оятады, қорқынышын алады. жақсы шынықтырады. Осындай бір нәтижені көргенде өзімізде де қуаныш болады.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бұл спорт клубы 300 адамға дейін тегін қызмет көрсете алады. Бұдан өзге қалада сал ауруына шалдыққан балалармен жұмыс істейтін бірнеше қоғамдық бірлестік тіркелген. Ал мұндағы ендігі мәселе – білікті мамандардың қатарын толықтыру.

Наталья Сокольская, спорт клубының директоры:

– Бұл жұмыс оңалтуға арналған бағдарлама болғандықтан, білікті мамандарды қажет етеді. Бізге қазір психолог пен бір дәрігер жетіспей тұр. Әрине, хабарлама берілген соң түйіндемелер көптеп түсуде. Дегенмен комиссияның қарауынан кейін әзірге іріктелген ешкім жоқ. Себебі бұл салаға арнайы білімі бар, тәжірибесі мол маман керек.

Бүгінде облыс бойынша 3 600-ден астам бала медициналық оңалтуға мұқтаж. Мамандардың айтуынша, олардың жартысына жуығы иппотерапия курсынан өтуі тиіс.

Автрорлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы