432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Білікті онкологтар Қостанайда шеберлік сағатын өткізді

  • 222
  • UPD: 21:59, 03.10.2020

Қостанай облысында жыл сайын онкологиялық ауруларға екі жарым мың адам шалдығады.

Аймақ бұл көрсеткіш бойынша республикада үшінші орында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті дәрігерлерге қатерлі ісікті емдеудің тың технологиясын үйрету мақсатында Қазақ онкология ғылыми институтының жетекші мамандары Қостанайға келді.

Шеберлік сағаттары екі операциялық залда өтті. Дәрігерлер гинекология және маммология бөлімінде жатқан науқастардың ісіктерін кесті. Еліміздің жетекші онкологтары хирургиялық араласудың қарапайым түрінен басқа, сүт безіне пластикалық операция жасаудың әдістерін ұсынды.

Әлия Әбдірахманова, ҚазҒЗИ Маммология орталығының басшысы:

- Бір жолғы арнайы эспандер орнатамыз. Оның тағы екінші кезеңі бар. Науқас емдеудің барлық сатысына және сәулелік терапиядан өткен соң қолданылады.

Аймақта онкологиялық аурулар белең алған. Ауруханаға күнделікті 300-дей адам келеді. Кейде науқастар саны 500-ге жуықтайды. Ал, жыл сайын қатерлі ісік 2500 адамнан анықталады.

Диляра Қайдарова, Қазақ онкология және радиология ғзи басқарма төрайымы:

- Қостанай облысында қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші де жоғары. Бір жылда шамамен 840 адам жан тапсырады. Орта есеппен онкологиялық аурудан аймақта күніне 2 адам көз жұмады деген сөз.

Коронавирус індеті кезінде дертті ерте анықтаудың үлесі 20%-ке төмендеген. Жағдай тұрақталған қазіргі уақытта дәрігерлер тұрғындарды барынша скринингтік тексерулерден өтуге үндейді. Егер аудандарда маман тапшылығы болса, облыс орталығындағы штат биыл толық жинақталды. Көптен күткен радиологтар мен химиотерапевтер келді.

Игорь Дженджара, қалалық көп салалы онкологиялық ауруханасының бас дәрігері:

- Биыл бізге 12 маман келді. Оның төртеуі радиолог дәрігер. Бұдан бөлек екі екі адамды оқуға резидентураға жібердік. Бір жарым жылдан соң олар біздің қатарға қосылады.

Аурухана соңғы үлгідегі сәулелік терапия жасау аппаратына зәру. Қазіргі қолданыстағы құрылғы әбден ескірген.

Мәдина Қасымова, Сәулелік емдеу бөлімінің меңгерушісі:

- 2000 жылы осында қойылған. Ал 2013 жылы модернизациядан өткен. Кезекті аурулардың саны азаяды ғой. Сосын емдеу жоспары ұтымды. Емдеу дәлме-дәл. Кейінгі сәулелік емнің реакциялары аз болады.

Жаңа құрылғының құны екі миллиард теңге. Қазақ онкология ғылыми-зерттеу институтының мамандары жергілікті биліктен аппаратты сатып алуды талап етеді.

Диляра Қайдарова, Қазақ онкология және радиология ғзи басқарма төрайымы:

- Құрылғы өте қымбат. Бірақ аймақ үшін қажет. Облыс әкімінің орынбасарына бұл проблеманы жеткіздік. Біздің өтінішіміз назардан тыс қалмайды деп сенеміз.

Операция жасау бойынша шеберлік сағаттарынан кейін ауруханада ашық есік күндері өткізілмек. Ұлттық ғылыми-зерттеу институтының мамандары науқастарды жергілікті дәрігерлермен бірге қабылдайды.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы