428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Табиғат жанашырлары Орал саябағындағы ағаштардың қурай бастағанына алаңдаулы

  • 150
  • UPD: 22:03, 03.10.2020

Оралдағы мәдениет және демалыс саябағында ғалымдар мен табиғат жанашырлары түгендеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір 5 мыңдай тал-терек өсіп тұр. Экологиялық ұйым өкілдері саябақ аумағын жекешелендіру, ағаштарды заңсыз кесу сияқты әрекеттер бола ма деп қауіптенеді.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

- Биіктігі 30 метр болатын мына кәрі емен бұдан 200 жылдай бұрын отырғызылыпты. Саябақтың өзі 1840 жылы ашылғанын ескерсек, мұндай көне ағаштардың көптігін аңғару қиын емес. Қазір Махамбет Өтемісов атындағы университеттің ғалымдары студенттердің көмегімен жасыл желектің жағдайын зерделеуге кірісіпті. Айтуларынша, арасында қурап бара жатқандары да аз емес.

Жанат Қажымұратова, биология және экология кафедрасының аға оқытушысы:

- Көбіне мына ақұнтақ деген ауру бар, сосын мына үйеңкі көбіне ауырып тұрған. Бұл тек саябақта ғана емес, бүкіл қалада сондай аурумен ауырып тұр. Саябақ 100% деп алатын болсақ, есептеген кезде 36%-і ауырып тұр ағаштардың. Санитарлық кесу жұмыстарын жасау керек, емдеуді қажет етіп тұр. Қарағаштар ауырып тұр, еменнің өзі ауырып тұр, бактериялық, вирусты аурулармен ауырып тұр қазіргі таңда. Негізі бұл саябаққа штаттық бірлікті қарау керек. Себебі бұл жерде орманды жақсы көретін кісі жұмыс істеу керек.

Саябақтың сұлу келбетін сақтап қалу үшін әлі талай іс тындырылуы тиіс. Табиғат жанашырлары бұл ретте қурай бастаған ағаштардың орнына жас көшеттер егу, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру мен ландшафтық өзгерістер енгізу секілді ұсыныстарды алға тартып отыр. «Ең бастысы, саябақтағы тал-терек атаулының санын анықтап, құжаттарын құнттау бүгінгі күннің басты талабы», - дейді олар. Көктемде саябақты инвесторлар иелігіне беру мәселесі көтерілген еді. Экологиялық-географиялық қоғам өкілдері санақ жүргізуді сол кезден бастап қолға алды.

Дархан Сариев, БҚО Экологиялық-географиялық қоғамының төрағасы:

- Бұл саябағымыз Үкіметтің құзырында қалуы тиісті. Оның құжаттамаларын дұрыстап жасау керек. Әсіресе, жасыл желектерге байланысты құжаттамаларды. Ең біріншісі тауарлық-материалдық құндылықтар туралы есеп дейді. Сосын жасыл желектер реестрі дейді екіншісі. Үшіншісі, дендропаспорт деген бар. Әрбір қымбат, бағалы 100 жылдан аса өсіп тұрған теректерге жеке-жеке дендропаспрт жасау керек. Соның барлығының құжаттарын жасау әлі алда.

«Нормаға сәйкес коммерциялық нысандардың көлемі саябақтың үштен бір бөлігінен аспауы тиіс», - дейді экологтар. Дегенмен, пандемияға байланысты биыл саябақтағы кәсіпкерлік нысандардан ешқандай кіріс түспеген. Саябақ тек тамыз айының ортасында ғана жұмыс істей бастады. Ал, демалыс нысанын талапқа сай ұстап тұру үшін жылына 50 миллион теңге қаражат қажет болады. Осындай қиындықтарға қарамастан жоспарда тұрған жұмыс жетерлік.

Жасұлан Сәкенов, Мәдениет және демалыс саябағының директоры:

- Орталықтандырылған суландыру жүйесін қосу, өзеннен ағаштарға, гүлдерге су тарту. Содан кейінгі жоспарымыз өзен жағасындағы су көліктері қайықтар катамаран байдаркалар солардың бәрін қазіргі талаптарға сай өзгертіп жұмыстану. Және басты жоспарлардың бірі – ол саябаққа кірген кезде сол жақтан бастап кететін жол болады. Ұзындығы 400 метрдей өзен жағасымен ағаштардың арасымен шағын зообағымызға дейін жол салынады.  Келетін балаларға оқушыларға ыңғайлы болуы үшін.

Қазір саябақта ағаштың 17 және тал мен шілік атаулының 8 түрі жайқалып тұр. Олардың арасында өте сирек кездесетін ағаш тұқымдары да аз емес. Қала күн санап өсіп келеді. Сол себепті саябақ аумағына сұқтанатындар қатары да сиремесі  анық. «Бірақ осындай ғажайып мекенді көздің қарашығындай сақтап, кейінгілерге сол күйінде табыстау – басты мақсат»,- дейді табиғат жанашырлары. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы