428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық үздік мұғалімдерге 2 млн 700 мың теңге көлемінде сыйақы берілді

  • 111
  • UPD: 18:00, 04.10.2020

Ертіс өңірінің мұғалімдеріне жаңа марапаттар үлестірілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кәсіби мереке қарсаңында бір топ үздік педагог сый-құрметке ие болды. «Павлодар облысының білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі 15 ұстаздың кеудесінде жарқырады. Мәртебелі марапат иегерлеріне 2 млн 700 мың теңге көлеміндегі сыйақы да тарту етілді.

Қашықтан білім беру оңай іс емес, ыждахаттылықты талап етеді. Бұл күрделі технологияны 17 жылдық тәжірибесі бар облыстың үздік педагогі Лаура Қайдарова меңгеріп алды. Мұғалім еңбек жолының басым бөлігін дарынды балаларға арнаған. Осы уақыт аралығында республикалық және халықаралық олимпиадалардың 40-тан астам жүлдегерін тәрбиеледі.

Лаура Қайдарова, география пәнінің мұғалімі:

– Біздің шәкірттеріміз – Қазақстанның болашағы. Осындай жетістіктерге жеткен тек оқушыларым емес, сонымен қатар әрдайым қолдап тұратын ата-аналар, бірге, бірлесіп жұмыс жасап, көзқарасымыз бір болып, жүрген өз ұжымымның арқасы. Оқушыларымды биік шыңдардан көру – маған үлкен қуаныш.

География пәні ұстазының еңбегі еленді. Мереке қарсаңында Лаура Қайдарова осындай төсбелгіге ие болды. Бұл – тек Павлодар облысының ұстаздары үшін үлестірілген марапат. 

Дінислам Болатханұлы, облыстық білім беру басқармасының басшысы:

– Бұл награда үшін 650-ден астам мұғалім өтінім берді. Оны комиссия қарастырып өтті. Соның нәтижесінде алғашқы 15 ұстазымыз облысымыздың ең жоғары наградасына ие болады. Өзінің біліктілігіне сенген мұғалімдердің барлығы өз өтінімдерін бере алады. Оның критерийлері бар.

«Павлодар облысының білім беру жүйесіне қосқан үлесі үшін» марапаты иегерлерін іріктеуде ұстаздардың кем дегенде 10 жылдық еңбек өтілі ескерілді. Оқушылар жеткен белестер де боулы шарт. Айта кетейік, осындай наградаға Тәуелсіздік күні қарсаңында тағы 35 ұстаз ие болмақ. Басты мақсат – ұстаздарды қошеметтеумен қатар, олардың тәжірибе алмасуына сеп болу.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы