432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қос құрбы Мәскеу жұртына қазақ тілін үйретіп жүр

  • 391
  • UPD: 18:21, 04.10.2020

Қазақ тілін жырақта жүріп үйренуге бола ма?

Мәскеулік екі бойжеткен «Мәскеу қазақша» деген бейнеблокта осы мәслені кеңінен баяндайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос қызды қазақ тілінің әуездігі баурап алғаны соншалық, тілді үйренуді қолға алыпты. Жаңа жобада туған қаласы мен халқы жайлы қазақша әңгімелейді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын екі мәскеулік қыздың қазақша ән айтқан бейнежазбасы әлеуметтік желінің бірінде пайда болып, артынша халық арасында кеңінен тарап кетіп еді ғой. Кейін әлгі екі қыз енді туған қаласы мен ондағы тұрғындар туралы қазақша баяндауды қолға алады. Тіл университетін бітірген бойжеткендер қазір PR саласында жұмыс істегенмен, бос уақыттарын сол жобаға сарп етеді. 

Анастасия Решетникова, «Москва қазақша» жобасының авторы:

– Біз бұл жобаны қазақ тілінде өзіміздің де өзгелердің де көңілін көтеретін, жақсы іс болсын деп қолға алдық. Және үйреніп жатқан тілімізді ұмытып қалмайық деген оймен бастадық. Шынында өзімізге тән әрі ел көңілінен шыққан жоба болды.

Елизавета Осипова, «Москва қазақша» жобасының авторы:

– Ең бастысы, қолға алған ісіміз көпшілікке ұнады. Өз басым «маған қараңыздар мен қазақша білемін» деп дабыра етуді, ұпай жинауды немесе өзімді жарнамалауды көздеген жоқпын. Біз мұны шын жүректен әрі өзімізге ұнаған соң жасадық.

Уақыт өте қос қыз бейнеблогты түрлі форматта жүргізе бастады. Пандемия жарияланып, ұзақ уақыт оқшаулау кезінде «карантиндік қазақ тілі» айдарын ашты. Мәскеудегі қазақтардан сұхбат алып, жұртқа ұсынды. 

Анастасия Решетникова, «Москва қазақша» жобасының авторы:

– Сұхбат жазып, соны жобаның бір бөлігі ретінде ұсынсақ деген ой келді. Алғашқы сұхбатты «Хор Турецкого» әншісі Алибек Альмадиевтен алдық. Содан кейін осы жұмысты жалғастыруды шешіп, Гүлназ Балпеисовамен кездестік. Иманбек, Айсұлтан Сеитов және Скриптонитпен сұхбаттарымыз өте қызықты болып шықты.

Настя мен Лиза қаза тілін алғаш рет университетте естіген. Қазақстан туралы да аз білген. Бірақ алғашқы екі айдың ішінде қаза тілін тұрмыстық деңгейде сөйлесе алатындай дәрежеге жетеді. Ал 4 жылда тілдік ортада болмай-ақ өз ойларын еркін жеткізіп сөйлей алатын болды.

Елизавета Осипова, «Москва қазақша» жобасының авторы:

– Қазақтармен қазақша сөйлесе аласың. Немесе қазақша кітап оқи аласың. Мысалы, мен Гарри Поттер туралы қазақша оқимын. Және қазақ тілі – өте бай және әуезді тіл.

Анастасия Решетникова, «Москва қазақша» жобасының авторы:

– Қазір қазақ тілін үйреніп жатырмын және мен жиі қате жасаймын. Бірақ менің ойымша, әр шет тілді үйренгенде қорықпау керек.

Блогер қыздар өздерінің қолға алған ісін одан әрі дамытып, жергілікті жұрт арасында қазақ тілін дәріптеуді қалайды. Білімдерін шыңдап, қазақ тілін жоғарғы деңгейде меңгеруге ұмтылады.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы