429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Іле-Балқаш» табиғи резерватындағы тоғай бұғылары төлдеді

  • 290
  • UPD: 18:23, 04.10.2020

«Сырдария-Түркістан» табиғи паркінен жеткізілген жабайы жануарлардың жерсінгені байқалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл - экожүйені қалпына келтірудің алғашқы кезеңі. Бұғылар көбейген соң Жетісу жеріне жолбарыс әкелу жоспарланып отыр.

Түнгі уақытта түсірілген мына суреттерде бұғылардың бұғышағымен жүргені анық көрінеді. Бұл – жұптұяқтылардың Жетісуға жерсініп, көбейе бастағанының айғағы.

Резерват қызметкерлері жабайы жануарларды қорғаумен қатар бұхар бұғылары, елік пен құландардың және доңыздардың қысқы азығын дайындау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Аманқас Әбжаппаров, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының инспекторы:

– Жемді лақтырамыз жан-жағына, сол кезде өтіп бара жатқан доңыздар көреді. Сосын осында үйренеді. Күнде келіп тұрады. Доңыздар басқа жаққа кетпеуі керек, осы жерді мекендеуі керек.

Іле өзенінің аңғарын сирек кездесетін жануарлардың 40 шақты түрі мекен етеді. Өсімдіктің 430 түрі өседі. Олардың басым бөлігі Қызыл кітапқа енген. Мемлекет қорғауына алынған тораңғы ағашы да – резерваттың басты байлығы. Сондықтан мамандар оны қолдан өсіріп, көбейту ісін қолға алған. 

Ермек Мұсырпанов, «Іле-Балқаш» МТР аумақтық филиалы директорының міндетін атқарушы:

– Дүниежүзілік табиғат қорғау ұйымының жобасымен тораңғылды жандандыру мақсатында 18000 мың көшет отырғызып, эксперимент жүргізіп, өнімін алып, кеңейту мақсатында жылыжай соғып жатыр. Осыны көбейтіп, көшетін алып, жерімізге отырғызамыз. Жері дайын, көктемде отырғызамыз. Жануарларға пана болу үшін тоғай жасауымыз керек, бұғылар астында паналайды.

Табиғат сақшылары күніне бес жүзден мың шақырымға дейін жол жүреді. Қыстың бет қаритын аязы мен жаздың аптап ыстығында да бекітілген аумаққа бақылау жасайды. Сондықтан резерват аумағында қызметкерлер мен ғалымдар үшін қазіргі заманға сай бекет салынып жатыр. Сонымен қатар әр түрлі грант негізінде 33 жоба жүзеге асырылады.

Серік Әбілов, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкері:

– 2018 жылы сегіз жоба қаралып, 1,3 млн теңге берілді. 2019 жылы 9 жоба қаралып, әр өтінім иесіне 450 мыңнан 1,8 млн теңге берілді. 2020 жылы 16 жоба қаралып, әрқайсысына 400 мыңнан 1 млн теңгеге дейін берілді.

Жетісу жеріне алдағы үш жылда тоғай бұғыларының 200-ін әкелу жоспарланып отыр. Ал 2024 жылы жолбарыс жеткізілмек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Гүлнәр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы