432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралдық Мыңбаевтар отбасында ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған 16 ұстаз бар

  • 206
  • UPD: 20:31, 04.10.2020

Ұстаздардың кәсіби мерекесін Оралдағы Мыңбаевтар отбасы айтулы жетістікпен қарсы алып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл үйелменде саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған 16 педагог маман бар.

Білімнің негізі бастауышта қаланады. Бұл ретте мектепке тарыдай болып кіріп, таудай болып шығуды мақсат еткен шәкірт үшін кәсіби білікті ұстаздың орны ерекше. Дарынды балаларға арналған мектептің бастауыш сынып мұғалімі Арайлым Мыңбаеваны сондай санатқа жатқызуға болады. 20 жылдық өтілі бар тәжірибелі маман үшін әр шәкіртінің орны бөлек.  

Арайлым Мыңбаева, бастауыш сынып мұғалімі:

– Бастауыш сыныптың қиындығы да бар, қызығы да бар. Кейде өзіміз де бала сияқты болып ойнап кетеміз. Әрине, қиындығы да бар. Қиындығы – әрбір баланың жүрегіне жол таба білу. Адам болған соң, бала болған соң әртүрлі мінезі бар. Сол мінезіне қарай әр баланы жақын тартып, сабаққа бейімдеу. Ұяң балалар көп, ашыла бермейтін балаларды ортаға қосуымыз керек. 

Аягөз Хамзина, облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернат кешенінің директоры:

– Ол кісі тек ұстаз ғана емес, өзінің жеке қырына тоқалсақ, домбыра тартып ән айтатын да өнері бар. Қолы шебер. Мұның барлығы балалардың қалыптасып келе жатқан кезінде біліммен қатар өнерге де баулып келе жатқан ұстазымыз.

Арайлымның анасы Кәбира Әміржанқызының ұстаздық жолдағы өтілі – 41 жыл. Қазір ол қаладағы нөмірі 19 мектептің түзету сыныбында сабақ береді. Ерекше балалармен жұмыс істеудің қиындығы аз емес. Бірақ өз ісін шексіз сүйген соң болар үнемі мектепке асығып тұрады. Өз перзенттері де ұстаздық жолды таңдапты.

Қабира Мыңбаева, түзету сыныбының мұғалімі:

– 76-жасында анам өмірден озды, ол балабақшада істейтін еді. Мен қызығатын едім. Міне, сол кісінің жолын қуайын деп ұстаздық жолға келдім. Қыздарым бастауышты бітірді, жоғары білімді.

Ал отағасы Аянбек Әділгерейұлы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Карантинге байланысты осылай үйде отырып шәкірттерімен онлайн жүздеседі. Әкем де ұстаз болды. Ата-анамыздың арманын орындап 9 перзенті де жоғарғы оқу орнын бітірдік. Бізді ұстаздар әулеті деуге толық негіз бар дейді ол. 

Аянбек Мыңбаев, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Осы әулеттен негізі 5 мұғалім шықты. Мен, содан кейін маған тете інім Айдарбек мұғалім, сосын Айгүл математика пәнінің мұғалімі, Бибігүл деген қарындасым химия-биология пәнінің мұғалімі. Ең кіші інім өмірден өтіп кетті. Ол дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болды. Үш ғалым шықты осы шаңырақтан. Жалпы әулетте 16 мұғалім бар. Бәрі жан-жақта, басқа облыста жүр.

Ерен еңбек ескерусіз қалмақ емес. Аянбек Мыңбаевтың да бұл саладағы жетістіктері жетерлік. Өз пәні бойынша әр жылдары түрлі байқаулардың жеңімпазы атанды. 

Аянбек Мыңбаев, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

– Жетістіктің өлшемі шәкірт қой. Шәкірттерім бар. Бір жылдары осы тереңдету пәнінен беріп жүрген сыныптарымда 11-12 шәкірт қазақ тілі мамандығына түсті. Ғалымдар шықты. Менен асқандары бар. Нәзік деген оқушым олимпиадаларда жүлделі болды. Қапышева Анжела деген оқушым президентпен кездесті.      

Міне, ұстаз қайтадан жұмыс үстеліне отырды. Монитордың әр жағындағы шәкірттеріне үй тапсырмасын беру керек. Қашықтан оқытудың қиындығы мол. Дегенмен, мұның бәрі уақытша деп, алдан тек жақсы үміт күтеміз. Еліміздегі барша әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын дейді кейіпкеріміз. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы