428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Central Asia Nobel Fest» форумы: 4 күнге ұласқан жиынның нәтижесі

  • 184
  • UPD: 22:04, 04.10.2020

Бірнеше күнге ұласқан «Central Asia Nobel Fest» онлайн форумы бүгін аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиынның соңғы күнінде Орталық Азия мен Кавказ аймағы үшін экономикадағы инклюзивті тәсілдің маңыздылығы талқыланды. Сонымен бұл бағытты дамыту үшін қандай қадамдар жасалуы керек?

«Инклюзивті өсу» деген ұғым бар. Бұл барлық топ үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық өсу дегенді білдіреді. Форумның соңғы күнінде осы мәселе басты тақырыпқа айналды.

Бақытжан Саркеев, «Ғылым қоры» АҚ төрағасының орынбасары:

– Инклюзивті экономиканы дамыту үшін барлық адамға тиісті білім беру керек. Сол білім беру арқылы жақсы жұмысқа қол жеткізу керек. Барлық адамға тиісті медициналық қызмет көрсету. Одан бөлек, ғылым саласын дамыту. Инфрақұрылымды дамыту. Соның бәрі сессияда айтылды.

Естеріңізге сала кетейік, фестиваль қазанның 1 мен 4 аралығында онлайн форматта өтті. Инклюзивті экономика тақырыбымен қатар, Нобель сыйлығының лауреаттары, көрнекті ғалымдар мен экономисттер, медицина, жасанды интеллекттің дамуы және оның еңбек нарығына әсері, түрлі ауруларға қарсы күрес тәсілдері сынды тақырыпта келелі ойларын ортаға салды. 4 күнге ұласқан жиынның нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай.

Мақсат Курбенов, инклюзивті даму қорының басқарушы директоры:

– Қорытындысына тоқталсам, ғылыммен айналысып жүрген жас ғалымдар әлемдегі атақты профессорлардың дәрістерін тыңдауға мүмкіндік алды. Бұл бір. Екіншіден, инклюзивті пікірсайыстар үшін жаңа алаң құрылды. Ал үшіншіден елде түрлі ауруға душар болғандарға оңалту киімдері шығарылатын болды. Төртінші жетістігіміз – біз осы фестивальді дәстүрлі түрде өткізіп тұруға келістік.

Келесі фестивальді наурыз айында өткізу жоспарланды. Атап өтейік, осы жолғы онлайн-ғылыми симпозиумға әлемнің 20 елінен 5000-нан астам адам қатысты. Осыдан-ақ «Central Asia Nobel Fest-тің» ауқымын һәм маңызын салмақтай беріңіз!

Авторлары: Қорған Төреқожа, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы