432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанайда саудагерлер мен тұрғындар базар маңындағы жолға таласты

  • 221
  • UPD: 21:50, 05.10.2020

Қостанайдағы орталық базар аумағындағы дүңгіршектер жалпыға тиелісі жерді заңсыз иеленіп отыр. Сол маңайдағы тұрғындар осылай деп шағымданды. Жаяу жүргіншілерге арналған жол бойын саудагерлер жайлап алған. Сондықтан жалғыз аяқ жолға зар болып қалдық - дейді жұрт. 

Қостанайдағы әйгілі көк базар. Соңғы жылдары кеңейіп, қанат жайғаны соншалық, қасындағы көп қабатты үй тұрғындарына қолайсыздық тудыра бастады. Базардың екі жақ бетіндегі Победа мен Шевченко көшелері тарылып, көлік тұрмақ, жаяу жүрудің өзі мұңға айналды.

Фазыл Тәжібаев, қала тұрғыны:

- Сол жерде көк жеміс басқа да тауар сатады. Ол заңсыз бәрі. Өйткені ол жерде адамдар жүру керек. Жолда машина. Көп проблема жасайды мынау заңсыз берген территория.

Қазір базар маңы ғана емес, сол маңайдағы үй аулалары да көлікке толы. Сапырылысқан машиналар мен адамдардың айғай-шуынан шаршаған жергілікті тұрғындардың да жағдайын түсінуге болады.

Талип Хазиев, қала тұрғыны:

- Мынау тұрған машиналардың барлығы бөтен көліктер. Осы жерде бір-бірімен соқтығысып жатады, керісіп, ұрысып жатады. Полиция келіп қуғанымен, 20-30 минуттан кейін қайтадан толады. 

Фазыл ақсақал бастаған белсенді топ сауда орындары жаяу жүргіншілер жолын заңсыз пайдаланып отырғандығын үш жылдан бері жан-жаққа жазып, айтып жүр. Бірақ құзырлы органдар тарапынан ешқандай іс-әрекет байқалмаған. Бір қызығы, Қостанай қалалық әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Динара Тұрсынбаева да дүңгіршектердің жол бойында орналасуы заңға қайшы деп отыр.

Динара Тұрсынбаева, қалалық әкімдіктің жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Ортақ пайдалануға арналған жер телімі ретінде үш жыл бұрын бұл аумақ 2022 жылдың қыркүйек айына дейін жеке кәсіпкерлерге жалға берілген. Бірақ біз құжатта көрсетілген сызбадан нақты орналасқан жер аумағы арасында айырмашылық бар екендігін байқап отырмыз. Олар жаяу жүргіншілер жолын қалдыруы тиіс еді. Алайда оны білгенімізбен. 2020 жылдың 1 қаңтарынан енгізілген мораториге  байланысты қазір кәсіпкерлерді біз тексере алмаймыз.

Қара қазан, сары бала бала қамы үшін қысы-жазы далада сауда жасап жүргендерді дәл қазір басқа жаққа ығыстыру оңтайлы шешім деуге келмейді екен. Ал тұрғындар болса, енді сотқа жүгінеміз деп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы