428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда қазақтың қаһарман қызы Хиуаз Доспанованың құрметіне тақта орнатылды

  • 151
  • UPD: 23:11, 05.10.2020

Биыл Атырау қаласының іргесі қаланғанына 380 жыл. Бір кезде балықшылар мекені болған шағын қалашық бүгінде еліміздің мұнайлы астанасына айналды. Айтулы мереке қарсаңында үй кезегінде тұрған 300 отбасы баспаналы болды. Қала көшелеріне тал-теректер отырғызылып, Жайық жағасында жаңа демалыс орны ашылды. Мерекеге орай Атырау әуежайында қазақтың қаһарман қызы Хиуаз Доспановаға арнап, ескерткіш тақта орнатылды.

Биылғы қала күнінде көп балалы ана Зоя Көпбергенованың отбасы 12 жыл күткен баспанаға қол жеткізді. Жалпы осы күні 300 отбасына пәтер кілті табысталды. Жыл аяғына дейін тағы 290 атыраулық баспаналы болады. Жаңа ықшам ауданда бой көтерген көп қабатты үйлер 1,2 және 3 бөлмеден тұрады. Алдымен көп балалы, асыраушысы жоқ және мүгедек бала бағып отырған отбасылар мен жетім балалар қамтылады. 

Зоя Көпбергенова, қала тұрғыны:

- Бұйырса, бүгін алып жатырмын үйімнің кілтін. Әке-шешемнің үйінде тұрдым. Мүгедек балам бар, жолдасым өмірден озды. Жалғыз басты анамын, 3 балам бар. Аллаға шүкір, осы күнді 12 жыл күтіп бүгін жеткізді Аллам!

Атырау қаласы әкімдігі жасыл белдеу бағдарламасына белсене араласа бастады. Биыл қала бойынша 3683 гектар жер телімі шағын саябақтар мен гүлзарларға беріліп отыр. Мұнайлы шаһардың туған күніне орай ашылған жаңа саябаққа 380 түп жеміс ағашы отырғызылды.

Қайрат Оразбаев, қала әкімі:

- Ірі мекемелермен меморандумға қол қойып, солардың көмегімен тал егіп айналаға, соны әрбір гектар жерге 800-ден, 1000-нан тал есептеліп егіп, кішкене парктер мен шағын скверлердің санын көбейттік. Бұл тек тазалық емес, адамның демалысына, жақсы жер, абаттандыруға да керемет.

Атырау халықаралық әуежайы Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімімен аталады. Мереке қарсаңында әуежайға ескерткіш тақта орнатылды. Қала күніне орай ашылған тағы бір маңызды нысан Жайық өзені жағасындағы демалыс алаңы болды. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтары үшін барлық жағдай қарастырылған.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы