428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда тұрмыстық газдың құбырдан ағып кетуін алыстан анықтайтын құрал қолданылады

  • 147
  • UPD: 00:00, 06.10.2020

Биыл суықтың ерте түсуіне байланысты еліміздің кейбір өңірлерінде жылу маусымы әдеттегіден бұрын басталды. Карантинге қарамастан, газ қызметі көктем мен күз аралығында дайындықтарын ерте аяқтады. Алайда мамандар өз ісіне салғырт қарайтын мердігерлерге алаңдаушылық білдірді.

Сезімталдығы өте жоғары «Пергам» жүйесін «ҚазТрансГаз» компаниясы өткен жылы сатып алған. Ол көп қабатты үйден немесе құбырдан шыққан газды алыстан анықтайды. Тек соңғы тоғыз айда еліміздің бес облысында 2800-ден астам газ шығу дерегі тіркелген. Олардың барлығы дер кезінде жөнделді.   

Айбек Қасымов, газ желілерін пайдалану қызметінің басшысы:

- Ақауды анықтаған соң өз күшімізбен дереу жөндеуге кірісеміз. Тұрғындар үшін оның барлығы тегін. Қазір Алматы көшелерінде осындай екі көлік жүр. Басқа өңірлерде де зертханалық көліктеріміз бар.   

Тексерулер көрсеткендей, газдың ауаға таралуына көп жағдайда жеке мердігер фирмалардың сапасыз жұмысы мен әкімдіктердің есебіндегі газ тарату желілерін қалыпты жағдайда ұстауға қажетті қаражаттың жоқтығы себеп. «ҚазТрансГаз» АҚ қолданатын инновациялық технологиялардың арқасында осындай оқиғаларға  жол берілмейді. Мұндай ақаулардың 95%-і әкімдіктердің тапсырысы бойынша салынған құбырлардан табылған. Бұл жұмыстардың сапасы сын көтермейді және адам өміріне қауіпті. 

Ғалым Бекен, «Қазтрансгаз аймақ» АҚ Алматы өндірістік филиалының бас маманы:

- Соның көмегімен бүгінгі таңда біз газ шығу мүмкіндігі бар жерлердің барлығын жерасты, жерүсті құбырлардың бәрін тексеріп, солардың шыққан жерлерін толығымен жасап шықтық. ДЛС Пергам автокөлігі өте ыңғайлы және шағын сезімтал болып келеді.

Газ мамандарының айтуынша, бүкіл газ инфрақұрылымы стратегиялық нысандарға жатады және толықтай есепке алынып, елдімекендердің сызбаларында міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Қасіреттің алдын алу үшін талаптарды бұлжытпай орындап, мердігер мекемелердің жауапкершілігін арттыру керек. 

Авторлар: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы