432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Туған өлкеге саяхат: маңғыстаулық оқушылар тарихи жәдігерлермен танысып жүр

  • 185
Туған өлкеге саяхат: маңғыстаулық оқушылар тарихи жәдігерлермен танысып жүр

Маңғыстаулық оқушылар туған өлкенің тарихи-мәдени құндылықтарымен танысуды қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Маңғыстау ауданына қарайтын Сайөтес ауылының балалары бірнеше жыл қатарынан табиғат аясына серуен құрып, көрген-білгенін өзгелерге таныстырып жүр. Осылайша, ауыл мектебі жанынан құрылған туристік үйірме мүшелері жазғы демалысында өлке меймандарына гид қызметін ұсынуға әзір.

Оқушылардың табиғат аясына серуені әдеттегідей таңертеңгілік уақытта басталды. Жолаушылар көлігінің жартасты жерде ұзақ жүре алмасы анық. Осы себепті белгілі бір қашықтықты еңсерген соң машинаны таудың етегіне қалдырып, балалар діттеген орынға жаяу жетті. Әрі қарай шатыр құрып, түскі астың қамына кірісті.

Бұл жеткіншектер биыл 7, 9 және 11-сыныпқа барды. Олар бұған дейін Бұлыойық үңгірі, Тұзбайыр борлы таулары секілді Маңғыстаудың ерекше ландшафты жерлерінде жорықта болған екен. Ақ шатырларды жылдам құрып, лаулата от жағу жас саяхатшыларға қиын шаруа еместігін түсіндік. Балалар жиһангездік өнердің қыр-сырын осыдан 5 жыл бұрын құрылған туристік үйірмеде жүріп үйренгенін айтады.

Ас ішіп, әлденген соң балалар екі топқа бөлінді. Бірі қолына компас ұстап, тұрған орны мен жүру бағытын бағдарласа, екіншісі осы жердің өсімдігі мен жәндігін зерттеуге кірісті.

Жаңагүл Қарасайқызы «Сейсмо-8» атты мектепішілік клубқа үшінші жыл қатысып жүр. Миллион жылдар бұрын Тетис мұхиты түбі саналған таулы үстіртке саяхаттан әр кез олжалы қайтады екен. Оқушының акула тістері, ежелгі жануарлардың қаңқа қалдықтары жайлы жазбалары республикалық олимпиадада алтын медальге лайық деп танылды. 

Жаңагүл Қарасайқызы, туристік үйірменің мүшесі:

- Тұзбайырға ең алғаш барған кезде ол жер тұз ба әлде мұз ба деп қатты таң қалдық. Және де экспедициямыздың ең керемет жаңалығы – акула тісінің табылуы. Жалпы экспедиция 3 кезеңнен тұрады. Дайындық, далалық және өңдеу кезеңі. Далалық кезеңде коллекция ретінде алып кеттік. Өңдеу кезеңінде Маңғыстау өлкетану мұражайына бардық. Және қазіргі таңда Алматы палеонтологиялық мұражайымен тығыз байланыстамын.

Балалардың туған өлкенің тарихын зерттеп, құнды жәдігерлерімен танысуға қызығушылығын оятқан ұстаздың есімі – Гүлсім Нәдірова. Ақтөбеде жоғары білім алған ол мемлекеттік бағдарлама арқылы Сайөтеске қоныс аударыпты. География пәні мұғалімінің еңбек өтілі бүгінде 10 жылдан асты. Тәжірибелі педагог туристік клуб жетекшісі әрі мектеп директоры қызметін қоса атқарып жүр.

 

Гүлсім Нәдірова, туристік үйірме жетекшісі:

- Ауылдық жерде қосымша біліммен аз қамтылған балалардың бос уақытын тиімді әрі мазмұнды өткізе отырып, туған жерін сүйетін, зерттейтін дарынды шәкірттерді тәрбиелеу. Менің командамның оқушылары ғылыми-республикалық жарыстарға өз жобаларын ұсынып, бірнеше мәрте алтын медаль игерлері болды. Қазіргі таңда «Сейсмо-8» үйірмесінде 10 бала жұмыс жасауда. Жорықтарға шыққаннан кейін ата-аналар тарапынан, әлеуметтік желілерде хабарласулар болып, қазір команда мүшелерінің саны күннен күнге артуда.

Қорыта айтсақ, Сайөтес ауылдық мектебінде ашылған туристік клуб волонтер-гидтарды әзірлеуге дайын. Осы мақсатта республикалық грантты да жеңіп алды. Қазіргі уақытта клуб мүшелері шетелдік туристер «Қазақстанның ескерткіштер қорғаны» деп атап кеткен Бозжыра шатқалына баруға дайындалып жатыр. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы