429,38 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет отырысында қандай мәселелер қаралады?

  • 175
  • UPD: 12:00, 06.10.2020

Дәл қазір Елордада Үкімет отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында 2 мәселе қаралады деп жоспарланған. Оларға әріптесім Нұршапағат Несіпбаев тікелей эфирде кеңірек тоқталады.

Ескерте кетейік, бүгінгі жиын да әдеттегідей онлайн фоматта өтіп жатыр. Ал күн тәртібіне көшсек, қаралған қос сұрақтың алғашқысы – ішкі нарықты отандық өніммен толтыру. Жалпы карантин кезінде бұл мәселенің өзектілігі арта түсті. Себебі қазіргідей қысылтаяң кезеңде сырттан келетін өнімдер мен тауарлар едәуір азайды. Инфекцияның салдары сыртқы сауда-саттыққа әсер етіп, алыс-беріс айтарлықтай қысқарды.

Алғашқы мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баяндама жасады. Оның айтуынша, қазір дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау жұмыстары аяқталуға аз қалды. Ал жиналған өнім елдің ішкі қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге жетеді деді сала басшысы. Бұдан бөлек, 7-8 миллион тонна астықты экспорттауға мүмкіндік бар көрінеді. Ескеретін тағы бір жайт, биыл егін жинау жұмыстары өткен жылға қарағанда бір ай бұрын аяқталыпты. Оған қолайлы ауа райы және шаруалардың техникалық дайындығы ықпал еткен.

Жалпы, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында тапсырған. Осыған байланысты қазір мониторинг азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша жүргізіледі. Министрліктің дерегі бойынша, 12 тауар бойынша ішкі нарық 100 процентке және тіпті, одан да көп мөлшерге қамтамасыз етілген. Тағы 11 өнім бойынша қамтамасыз ету деңгейі 80 проценттің шамасында екен. Енді азық-түлік тауарларының 6 түрі бойынша өндірісті ұлғайту керек. Олар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант және балық. Үкімет отырысында отандық өндірушілерге жағдай жасау жағы да сөз болды.

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, қазір Ұлттық тауар өткізу жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол азық-түлік тізбегінің шығындарын азайту, бағаларды тұрақтандыру, сауда инфрақұрылымын дамыту және экспорт арналарын құру шараларын кешенді түрде іске асыруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, жиында Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту мәселесі де талқыланады.

Хабар 24 телеарнасы