428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанның ішкі нарығы тұщы су балықтарымен 100% қамтамасыз етілген

  • 99
Қазақстанның ішкі нарығы тұщы су балықтарымен 100% қамтамасыз етілген

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында ішкі нарықты отандық азық-түлікпен молықтыру мәселесі қаралды.

Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндады.

Әлеуеті зор экономика салаларының бірі – балық шаруашылығы. Еліміздің балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі 2019 жылы шамамен 66 мың тоннаны құрады. Оның құрылымы келесідей: балық аулау – 45 мың тонна, балық өсіру – 7,4 мың тонна, экспорт – 30 мың тонна, және импорт – 43,5 мың тонна.

Экология министрінің айтуынша, Қазақстан мұхит балықтары мен теңіз өнімдерін импорттайды. Олар: майшабақ, скумбрия, креветкалар, мидия және тағы басқалары. Импорт Норвегия, Ресей, Исландия, Қытай және Балтық елдеріне тиесілі. Бұл ретте импортты алмастыру мақсатында Қазақстанда албырт, бекіре балықтарын өсіріп, Каспий теңізінде майшабақ пен килька балықтарын аулау қажет. Өз кезегінде Қазақстан жыл сайын жақын және алыс шетелдің 36 еліне шамамен алпыс $60 млн сомасына 30 мың тонна балық өнімдерін экспорттайды.  

«Сонымен қатар біздің қасымызда экспорт үшін айтарлықтай әлеуетті нарықтар бар. Атап айтқанда, Ресей мен Қытайда балық өнімдерін тұтыну жоғары деңгейде. Бұл екі елдегі бізбен шекаралас аудандарының нарығы жылына 3 млн тоннаға дейін жетеді. Сарапшылардың пікірі бойынша 600 мың тоннаға дейін балық өсіруге болады», — деді М. Мырзағалиев. 

Қазақстанда барлығы 40 мыңнан астам су айдындары бар. Оның ішінде шамамен 3 мыңы балық шаруашылығына арналған су айдындарының тізіміне енгізілген. Олардың 49% бизнестің қарамағында, ал 51% әлі бекітілмеген. Бұдан басқа 300 су қоймасы бар. Олардың негізгі бағыты – өсімдік өсіруге қажетті суды қамтамасыз ету. Алайда осы су айдындарында балықтың потенциалы баршылық болғанымен, әлі ашылмаған. 
«Осыған орай балық өсіру потенциалын іске асыруды ескере отырып су айдындарын бизнестің қарамағына беру бойынша және балық өсіруге жаңа перспективалы су айдындарын анықтау үшін инвентаризация жұмыстарын жүргізуін сұраймыз», — деді М. Мырзағалиев. 

Ішкі нарық тұщы суда өсетін балықтарымен 100% қамтамасыз етілгенін атап өткен жөн. Ал импорттың 95% теңіз және мұхит балықтары құрайды.

«Бекіре және албырт тұқымдас балық түрлерін өсіру арқылы импортты алмастыруға болады. Мәселен, инвестициялық жобалардың есебінен 2024 жылы нарықты бекіре балықтарымен қамтамасыз етуді 10%-тен 65%-ке, ал албырт балықтары бойынша 6%-тен 86%-ке жеткізуді көздеп отырмыз. Және келесі 10 жылдың ішінде қолдағы бар су айдындардың сыйымдылығын ескере отырып, экспорт көлемі арттырылатын болады», — деді экология министрі.

Балық өсірудегі бар потенциалды қолдануды жеңілдету және тездету мақсатында келесі шаралар жүзеге асырылуда:

Бірінші. Ғылыми-өндірістік орталықпен бірлесіп, балық өсіру шаруашылықтарының типтік жобалары әзірленді. Олар көлді-тауарлы, тор ішіндегі, тоғандық балық өсіру шаруашылықтары мен тұйықталған сумен қамтамасыз етілген балық өсіру. Бұл бизнеске қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, қолайлы шаруашылық типін, өсірілетін балық түрін таңдауға мүмкіндік береді.

Екінші. Салық, Су, Жер кодекстеріне, сондай-ақ «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңдарға өзгерістер әзірленіп, тиісті заң жобаларына енгізілді. Қазір түзетулер Президент Әкімшілігімен келісіліп жатыр.

Үшінші. Балық өсіру-биологиялық негіздемелер, балық шабақтары мен бағалы балық түрлерінің аналық үйірлерін сатып алу және ұстау шығындары секілді басқа да бағыттар бойынша субсидиялауды 0%-тен 50%-ке дейін ұлғайту ұсынылады.  Сонымен бірге жылына 40 тонна және одан көп балық өсіру үшін тор ішінде өсіру шаруашылығын, сонымен қоса, жылына 20 тонна және одан көп балық өсіру үшін сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар шаруашылығын құруға және кеңейтуге жұмсалған шығындарды өтеуді 25%-тен 40%-ке дейін көбейту ұсынылады.

Төртінші. Бұл тор ішінде балық өсіру шаруашылығын, сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар шаруашылықты, сондай-ақ қайта өңдеу жөніндегі кешендерді құруға және кеңейтуге жұмсалған инвестициялық шығындарды өтеу. Ол үшін 2021-23 жылдар аралығында 6 млрд теңге қаражат керек болады. Тиісті бюджеттік өтінім Қаржы министрлігіне жолданды.

«Еліміздегі су ресурстарын ескере отырып, өсірілген балық көлемін 600 мың тоннаға дейін арттыруға, экспорт көлемін 10 есеге ұлғайтуға балық шаруашылығының әлеуеті жеткілікті екенін айта кету керек.  Бұл шамамен 100 мың жұмыс орнын құруға және халықтың табысын көбіне ауылдық жерлерде арттыруға ықпал ететін болады», — деді М. Мырзағалиев. 


 

Хабар 24 телеарнасы