432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қоғамдық көліктерде ара қашықтықты сақтау мүмкін емес – ақтөбеліктер

  • 215
  • UPD: 15:19, 06.10.2020
Қоғамдық көліктерде ара қашықтықты сақтау мүмкін емес – ақтөбеліктер

Бүгін түнде Ақтөбеде ауа температурасы 0 градустан төмендеп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күн салқындағаннан кейін қоғамдық көлікпен қатынайтындардың үлесі артатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ автобустың ішінде санитарлық талаптар сақталып, әлеуметтік ара қашықтық болуы қажет. Алайда жолаушылар ағынынының көптігіне байланысты бұл міндетті орындау мүмкін болмай тұр.

Ақтөбе қаласында қоғамдық көліктер 45 бағдар бойынша тұрақты түрде қатынайды. Яғни тұрғындарға күнделікті әр түрлі сыйымдылықтағы 200-ден аса автобус қызмет көрсетеді. Ал жолаушы ағыны 8 мыңға жуықтайды. Қоғамдық көлікпен қатынайтын адамның көптігіне байланысты автобус ішінде әлеуметтік ара қашықтықты сақтау мүмкін емес. Бетперде тағып отыру туралы талапты да көбі ескере бермейді. Тұрғындардың айтуынша, автобустардың жүру аралығы ұзақ. Сондықтан аялдамада көп күтіп қалады.

БЛИЦ:

– Көп адамдар ереже сақтамайды. Маска кимейді. Айтып жатса, оларға құлақ аспайды.

– Арасы ұзақ. Кішкене жақындатса, арасын 5-7 мин қылып. Маска тақ деп ешкім айтпайды. 

– Кейде көп адам болады. Кешкі уақытта бір-бірімен жарысып жүреді. Кейбір адамдар маска кимейді. Карантиннің басында жақсы сақтады.

Негізі автобус ішінде санитарлық талаптардың сақталуын арнайы құрылған мобильді топ бақылайды. Ал жолаушылардың көліке бетпердемен кіруін жүргізуші мен көмекшісі қадағалауы тиіс. Десе де, кейбір автобустарда олардың өзі маскасыз жүргенін байқауға болады.

Жайық Кодаш, қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің жетекші маманы:

– Жүргізушілер және кондукторлар міндетті түрде маска тағуға міндетті. Оны тексеретін арнайы мобильді топ бар. Солар қарап, егер тағылмағаны анықталатын болса құзырлы органдарға шағымданады. Дәл сол уақытта арнайы акт толтырылып, мобильді топ комиссяларымен сол жерде айыппұл салады.

Мамандардың айтуынша, автобустар әрбір рейс алдында арнайы сұйықтықпен дезинфекцияланады. Ал лық толы автобустардың жүктемесін азайту үшін көлік санын көбейту мәселесі қаралып жатыр. Сондай-ақ адамдардың бір-біріне жанасуын барынша шектеу және жолаушылар ағынын нақты білу үшін жол ақысын электронды төлем жүйесіне көшіре бастаған. 

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы