432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавлда жаңадан тұрғызылып жатқан ойын алаңдарының сапасы сын көтермейді

  • 175
Петропавлда жаңадан тұрғызылып жатқан ойын алаңдарының сапасы сын көтермейді

Бағасы сапасына сай емес дейді қоғамдық ұйым өкілдері.

Биыл қалада 60-қа жуық аула жарақтандырылмақ. Бұл мақсатқа 144 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балаларға арналған ойын алаңдарын орнату жұмыстары Петропавлда былтыр басталды. Биыл жоспар бойынша 58 алаң қолданысқа берілуі қажет. Бірақ сапасын қадағалап жатқан ешкім жоқ.

Лидия Юмашева, қала тұрғыны:

– Бұл алаңқайды бес жыл күттік. Себебі ауламызда балалар көп. Келіп екі күнде орнатып кетті. Негізінен ол 10 жасқа дейінгі балақайларға арналған. Сондықтан үлкен балалар мініп сындырып тастамасын деп күнде қарап жүремін.

Алаңдардың арнайы қауіпсіздік жабындысы жоқ. Салдарынан балалардың жарақат алған кездері де болған.

Айгүл Шоқанаева, қала тұрғыны:

– Осы үйдің ер азаматтары құм тасып, кем-кетігін өздері қалпына келтіріп жатыр. Әткеншектері де ыңғайсыздау. Әйтеуір жоқтан бар деп отырмыз қазір.

Балалар ойын алаңдарының авторлық дизайн туындысын бір көзден сатып алу үшін қалалық әкімдік кәсіпкермен екінші жыл қатарынан тікелей шарт жасасқан. Бірақ жоба құны былтырғыға қарағанда әлдеқайда қымбат.

Руслан Асаубаев, арнайы мониторингтік топтың мүшесі:

– Былтыр дәл осы жобаның құны – 2,5 миллион теңге еді. Биыл ол үш жүз мыңға қымбаттаған. Неге екені белгісіз. Оның үстіне алаңқайларда құм жоқ. Жабындысы болуы керек. Оның үстіне қоршалмаған.

Осы сұраққа қатысты тұрғындар тарапынан шағым көптеп түсіп жатыр. Сондықтан бұл іске волонтерлар да кіріскен.  

Дарья Скрябина, волонтер:

– Интернеттен дәл осындай алаңқайларды тауып бағасын салыстырдық. Қазақстанда жасалғандары әрі кетсе 1 миллион 563 мың тұрады. Сәйкесінше 1,3 миллион теңгені үнемдеп қалуға болар еді.

Қалалық әкімдіктегілер мердігер барлық жұмысты айдың соңына дейін аяқтайтынын жеткізді. Олқылықтың орны толтырылмаса, сәйкесінше қаржы да төленбейді дейді.

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Мердігер компанияда карантинге байланысты жұмысшылармен бір мәселе туындап қалды. Жұмысшылардың жетіспеушілігіне байланысты. Сондықтан да жұмыстар тоқтап қалған болатын. Қазіргі кезде қайтадан жұмыстар жандандырылды. ТҮКШ олардың жұмыстарын қабылдаған жоқ. Яғни ақша төленген жоқ.

Бүгінгі күні 52 алаңның 42-і орнатылған. Жауаптылар оларды тиянақты тексеріп, қабылдап алатындықтарын жеткізді. Ал қоғамдық ұйым өкілдері бұл жоба мемлекеттік сатып алуға шығарылса, қаржы айтарлықтай үнемделер деп отыр.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы