428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыдағы орталық көшеге Абай есімі берілді

  • 115
  • UPD: 20:33, 06.10.2020

Қарағандыдағы Ленин көшесі енді Абай есімімен аталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір үйлерге тақтайшалар ілініп жатыр. Ең бастысы, бұл үшін қазынадан бір тиын жұмсалмаған, кеткен шығынды түгелдей жергілікті кәсіпкердің бірі өз мойнына алыпты. Қарқаралы шеберлері де ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойына керемет тарту жасамақшы.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Қарағандыдағы ең үлкен орталық көшелердің біріне Абайдың есімі берілді. Қазір мұндағы 100-ден астам үйге тақтайшалар ілініп жатыр. Бұл жергілікті тұрғындардың қалауы. Қоғамдық тыңдау өткен кезде халықтың 98%-і Ленин көшесін Абайға ауыстыруды қолдап, дауыс берген. Бірақ араларында тақтайшаларды орнатуға салық төлеушілердің қаржысы кетеді деп қарсы пікір білдіргендер де болыпты. Алайда, жергілікті кәсіпкер бұл шығынды толық өз мойнына алды.

Құдайберген Бексұлтанов, қалалық мәслихатының хатшысы:

- Пандемияға байланысты біраз созылып кетті, бірақ бүгін нақты мәслихаттың шешімі қабылданды. Ол заңды түрде тіркеуден өтті. Бүгінгі күні күшіне алды, аншлагтар ілініп жатыр. Бюджеттен қаражат шығарғанымыз жоқ.

Ұлы ойшылдың 175 жылдық мерейтойына жергілікті шеберлер де тарту әзірлеп жатыр. Қарқаралы тұрғыны Манарбек Кәрім Абайдың алып тұлғасын табиғи тасқа қашап салмақшы. Қазір күрделі жұмысты аяқтауға жақын, ұлы Ерғазы қолқанаты. Салмағы 3 тоннадан асатын тау тасын шеберханасына жеткізу оңайға соқпапты. Оны Қорғантас тауынан бірнеше күн іздеп жүріп әрең тапқан. 

Манарбек Кәрім, шебер:

- Аса ауыр болған жоқ. Өйткені кішкене қолымыз жаттығып қалған. Мелмен бір кескіндеп алып, содан қашаумен ұрып, бейнесін келтіріп аламыз, содан кейін заманауи болгарканың көмегімен кескіндеп жатырмыз енді.

Бұл – шебердің екінші жұмысы. Айтуынша, тас мүсін Жидебайға жіберіледі. Ал алғашқы еңбегі Қарқаралыдағы Абай тоқтаған көк үйдің алдына қойылған болатын. Келешекте Манарбек Кәрім Алаш арыстарының мүсінін жасап шығуды да жоспарлап отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы