432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО тұрғындары үй құстарын өртеуге бермей жатыр

  • 213
  • UPD: 22:26, 06.10.2020

Солтүстік Қазақстан да өлген құсқа төленетін өтемақы мөлшерін нақтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Комиссияның шешімі бойынша нарықтағы орташа баға белгіленді. Қазір ветеринарлар ауру өршіп тұрған Бескөл мен Якорь ауылдарында 4 мыңнан астам үй құсын жоюға кірісті. Бірақ жергілікті жұрт бұл шараға үзілді-кесілді қарсы.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бескөл ауылының тұрғыны Иван Гусельников құстарын қызғыштай қорғап қалды. Ол үйрек-қаздарын өртеуге бермеді.

Иван Гусельников, Бескөл ауылының тұрғыны:

- Біз оларды өзіміз үшін өсірдік. Ал, жоясыздар, сосын не болады? Өтемақының керегі жоқ. Оның артынан жүгіру керек.

Ал, Елизавета Мусина қанша қарсы болса да көнді. Көзіне жас алып қимай тұр. Қораға да кірген жоқ. 11 тауығының өлімін көруге жүрегі дауаламады.

Елизавета Мусина, Бескөл ауылының тұрғыны:

- Мәселе ақшада емес. Бұл біздің асырап өсірген құстарымыз. Сап-сау. Күнде жұмыртқа әкеледі. Енді ол да жоқ.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бескөл ауылы бойынша 70 үйден 2500-дей құс өртелуі тиіс. Бірақ тұрғындар жаз бойы бағып өсірген құстарын беруге үзілді-кесілді қарсы. Міне, ветеринарларға, полицейлерге тағы да есік ашқан жоқ.

Марат Ыбыраев, ҚР АШМ Аумақтық ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы:

- Құстарын бермейтін тұрғындарға мынау әкімшілік кодекстің 406-бабы бойынша айыппұл салынады. Карантиннің талаптарын орындамағаны үшін көлемі 20 АЕК бойынша 55 мың теңге айыппұл.

Өңірде құс тұмауы бәсеңдей бастады. «Соңғы тәулікте өлім-жітім тіркелген жоқ», - дейді мамандар. Ал, шығынға батқан тұрғындарға өтемақы беріледі. Тауыққа 1000-1300 теңге аралығында, қазға 5300, үйрекке 2700, ал күркетауыққа 7600 теңге шамасында төленеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы