428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда кинотеатр қызметкерлерінің 60%-і жұмыссыз қалды

  • 134
  • UPD: 22:12, 06.10.2020

Коронавирус тағы бір айналып соқса, біздің елде де әр бесінші кинотеатр жабылып қалуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бұл сала жұмыс істеп тұрған жоқ.

Ал, шығын 15 миллиард теңгеге дейін жеткен. Қызметкерлердің 60%-і жұмысынан кетті. «Қалғаны өзге жұмыстарға жегіліп жүр», - дейді сала басшылары. Қарағандылық арна тілшісі Дәуренбек Бағдәулетұлы бүгін есігіне құлып салынған кинотеатралардың жайын біліп келді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Бұл – Қарағанды қаласындағы 400 орындық кинотеатр. Дәурені жүріп тұрған кезде танымал кинокомапниялардың талай туындыларын ізін суытпай көрерменге көрсетіп отырған. Алайда 7 айдан бері жағдай мүшкіл. Несие мен берешекті айтпағанда, коммуналдық төлем үшін 5 млн теңгеге қарызға кіріпті. Қызметкерлері де жаппай жұмыстан кетіп жатыр.

Фарух Құдайбергенов, кинотеатр желісінің директоры:

- Тек жылудың өзіне 2 млн қарызбын. Суға 500 мың теңге, электр жүйесіне берешегім 1млн 800 мың теңге болды. Жұмыскерлерге айлық төлейтін жағдай жоқ. 130-дан астам қызметкердің жартысынан көбі жұмыстан кетіп қалды.

Бақытгүл Әбіханова, кинотеатр қызметкері:

- Енді жұмыс тұрақты, тиянақты болмаған соң ол өте қиын. Қазір бәрі қымбаттап барады. Қаншамасында кредит бар, пәтер жалдап тұрады. Арасында ауру-сырқауың бар. Оның бәріне ақша керек. Сол жағдай...

Пандемия басталғаннан кейін алғаш рет елде кинотеатр иелері қауымдастығы құрылған. Олар ел Президентіне петиция жолдап, кинотеатрлардың ашылуын өтінген. Себебі, ел бойынша 90-нан астам кинотеатрдың 8-і әлден-ақ жабылып қалыпты. Екінші толқын басталса, бұл жағдай екі-үш есеге артуы мүмкін.

Мунира Ягудина, кинотеатр иелері қауымдастығының президенті:

- Президентке жолдаған петицияны бүгін таңда 12 мың адам қолдап, қол қойды. Театарлар мен концерт-залдар жұмысына, адам лық толған ұшақтарға ұшуға рұқсат берілді. Бізге неге шүйлігіп отырғанын білмеймін. Бізде желдету жүйесі өте жақсы жұмыс істейді. Сақтық шараларын сақтар едік. Қазір жағдайымыз мүшкіл, екінші толқын басталса, осы сала тіптен тізерлеп қалайын деп тұр.

Ал, қала тұрғындарының пікірі болса, қаққа жарылды. Ортақ түйін біреу, ол қалай болса да, сақтық шараларын берік ұстанған абзал дегенге саяды.

Блиц 1:

- Менің ойымша, театр өз саласын бастаған шақта неліктен кинотеатрға мүмкіндік бермеске?! Оларға да қатаң карантиндік талапты сақтап, жұмысын бастап кетсе... Және жаңа премьералар қойса жақсы болар еді. Залды толық толтырмай, 30-50%-ке жинауға болады.

Блиц 2:

- Күткен дұрыс. Қазір адам көптеп жиналып кетсе, арты қиын болады тағы да. Бізге күнде адамдар қоңырау шалып, қашан ашылады деп сұрап жатады. Бірақ бұл өздерінің қауіпсіздігі.

Құрдымға кетіп бара жатқан бизнестің жағдайы осындай. Осыған қарамастан, санитарлық дәрігерлер бұл саланың нақты қашан қайта іске кірісетінін айта алмайды. «Себебі кинозал инфекцияның таралу қаупі жоғары қоғамдық орын болып табылады», - дейді олар. Ал, кәсіпкерлердің құқығын қорғаушылар Бас санитарлық дәрігердің қаулысына қарсы келе алмайтындарын айтады.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы