428,77 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-дағы Жәнібек ауданының кәсіпкерлері қиындыққа тап болды

  • 150
  • UPD: 23:50, 06.10.2020

Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданының кәсіпкерлері Ресейден тауар тасымалдауда қиындыққа тап болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантин талаптарына сәйкес, шекарадан жүк көлігімен тек бір адам ғана өтуге тиіс.

«Көрші елге жалғыз барып, сауда-саттық жасау оңай емес», - дейді кәсіпкерлер. Ал тауарды Орал қаласынан әкелу тиімсіз, себебі жол ұзақ әрі өнім бағасы қымбаттау екенін айтады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Жәнібек ауданында 1300-ден астам бизнес субъектісі тіркелген. Олардың басым көпшілігі сауда-саттықпен айналысады. Кәсіпкерлер тауарды жақын жердегі Волгоград облысынан тасымалдайды. Бақылау бекеті аудан орталығынан небәрі 3 шақырым қашықтықта орналасқан. Шекарада көліктер ағыны толассыз еді. Карантин енгізілгелі жолаушыларға шектеу қойылып, санитарлық талаптар күшейтілді.

Алмаз Сарсалиев, Жәнібек аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің жетекші маманы:

- Келген азаматтардан ПЦР тест қорытындыларын сұраймыз. Яғни, тамақтан жұғынды алынады. Кіруге болатын азаматтар: туыстарына келетін, яғни жақын туыстарына келетіндер. Одан кейін халықтың керек нәрселерін таситын, көбіне азық-түлік, сосын құрылыс материалдарын таситын, яғни, кәсіпкерлерге. Бірақ біздің жақта өтіп жатқан адамдар аз қазір.

Шекарадан өтетін кәсіпкерлердің азаюы түсінікті жайт, өйткені жүк көлігімен бекеттен бір адам ғана өте алады. Қойылған талап сондай. Кәсіпкер Серік Аяпов дүкенге азық-түлік әкелу үшін апта сайын Ресейге барады. Себебі Оралға қарағанда Волгоград облысына барар жол екі есе жақын әрі тақтайдай тегіс. «Алайда, қазір шекарадағы шектеу шарасы қолға алған ісіме кері әсерін тигізіп жатыр», - деп қынжылады ол.

Серік Аяпов, кәсіпкер:

- Жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін әкелеміз. Оралмен салыстырғанда Волгоградтан әкелгеннің тиімді жағы балғын жеміс-жидектер келеді. Бағасы да арзандау. Бір-бірден жібереді. Не болмаса жүргізушінің өзі барады, не адамның өзі барады қазір тауарға. Жүк тасушы бармайды ғой енді.

Жәнібек ауданында сатылатын тауарлардың барлығы дерлік ресейлік өнімдер. Кәсіпкерлер Волгоград облысынан ауыр жүкті жалғыз тиеп қайтқанымен қатар 12%-ке дейін қосымша құн салығын төлейді. Тиісті төлем мөлшері артқандықтан шағын және орта бизнес өкілдері тауарлар бағасын өсіруге мәжбүр.

Хайролла Жұмабек, кәсіпкер:

- Халыққа келгенде былай енді сатып жатқанда оны біз көтеріп жатқан сияқтымыз. Халық мысалы НДС дегенді түсінбейді. Сол жөнінде қарастырса. Сол жақсы болар еді. Енді алдында карантин уақытында болды кейбір ассортименттерге 8%-ке дейін НДС түсірді. Мысалы, картоп, сарымсақ, қант.

Шетелге барар жолда шекара шекеден шертіп жібереді. Ал, Оралға барар жол оңып тұрған жоқ. Келеңсіздікке кезіккен кәсіпкерлер күмән мен үміт арасында күнелтіп жүр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы