430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері талқыланды

  • 129
  • UPD: 23:52, 06.10.2020

Елдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға баса көңіл бөлінеді. Бұл туралы Үкіметтің бүгінгі отырысында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, сырттан әкелінетін өнім түрлерін азайту үшін 2023 жылдың соңына дейін бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру көзделіп отыр. Жиында отандық фармацевтика саласын дамыту мәселесі де қаралды.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Егін орағы аяқталып қалды. Биыл күн райы қолайлы болып, өнім бір ай ерте жиналды. Бұған диқандардың техникалық мүмкіндіктерінің арта түсуі де себеп. Алқаптардың әр гектарынан орта есеппен 13 центнерге жуық өнім жиналып, 20 млн тонна астық бастырылған.

Сапархан омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар өнімдерінің жиналған көлемі елдің ішкі қажеттілігін толықтай қамстамасыз етуге және 7-8 млн тонна астық көлеміндегі экспорттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы саласындағы ендігі міндет – азық-түліктің алты түрі бойынша өндірісті ұлғайту. Кешенді жоспар аясында елге қажетті құс етін өндіру бойынша 13 жоба іске асырылады. Бұл үшін қосымша 140 млрд теңге қарастырылмақ. Сондай-ақ отандық нарықтағы алма мен сүт және шұжық өнімдері импортын азайтуға бағытталған жұмыстар жүреді. Бұл ретте Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстары әлеуеті жоғары өңірлердің қатарына жатқызылған. Ал, балық шаруашылығына да көңіл бөлінеді.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Бұл ретте импорт алмастыру мақсатында Қазақстанда албырт бекіре балықтарын өсіріп, Каспий теңізіне майшабақ пен килка балықтарын аулау қажет. Өз кезегінде Қазақстан жыл сайын жақын және алыс шетелдің 36 еліне шамамен 60 млн доллар сомасында 30 мың тн.балық өнімдерін экспорттайды.

Кешенді жоспар елдің фармацевтика және медицина өнеркәсібін дамыту саласында да іске асып жатыр. Бес жылға бағытталған құжат 30-дан астам жаңа ірі өндірісті іске қосуды көздейді. Бұл дәрілік заттарды өндіру көлемін 2,5, экспортты 3 есе өсіруге мүмкіндік береді. Салада еңбек ететіндердің саны да мыңдап өседі. Қазірдің өзінде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың 75%-і отандық кәсіпорындарда өндіріледі.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Дәрілік заттармен медициналық бұйымдарды сатып алуда отандық өндірушілердің үлесі 30%-ке дейін өсті. Бұл көрсеткіш тұрақты өсіп келеді. Жалпы осы қабылданып жатқан жүйелі шаралар халық денсаулығын сақтауға ықпал жасайды.

Аталған салаларды қолдау және жобаларды жедел іске асыру үшін жоғары мемлекеттік қолдаудың қажеттігі де аталып өтті. Инвесторларды ынталандыру тетіктері де сөз болды.

Авторы: Әнуарбек Мырзатайұлы

Хабар 24 телеарнасы