427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Саябақ vs автотұрақ. Ақтауда жайқалған жасыл желекті шапқалы жатыр

  • 198
  • UPD: 09:42, 07.10.2020

Ақтаулықтар қала ішіндегі шағын бақтың тағдырына алаңдаулы. Саябақ 14-шағын аудандағы неке сарайы мен облыс әкімдігі ғимаратының ортасында орналасқан. Айналасы темір қоршаумен қоршалған. Ішінде құрылыс жұмыстарының жүруіне байланысты жасыл желек ертелі-кеш сүрілуі мүмкін.

Осылай деп дабыл қаққан тұрғындар қала билігіне хабарласып, мәселеге араласуды сұрайды. Жалпы бұл саябақ кімге тиесілі? Ендігі жағдайы не болмақ?

- Видим в последний раз скорее всего, вот эти фруктовые деревья, красоту такую которую собираются срывать...

Марина Утешева шағын саябақтың тағдырына жаны ашып, сүрілуіне жол бермейміз деп жүрген белсенді тұрғынның бірі.

Айтуынша, мұндағы жеміс ағаштарының көктемде бүршік жарып, шешек атуын жылда көріп жүр. Күні ертең жасыл желек сүрілсе, орнында автотұрақ болады немесе зәулім ғимарат салынады. Осындайға жол беріле берсе, қаламызды гүлдендіру мәселесі ешқашан да шешілмейді.

Марина Утешева, қала тұрғыны:

- Осы жағдайға тұрғындар наразы. Өтініш хатымызға екі мыңнан астам адам қол қойды. Оны тапсырамыз деп жүргенбіз, кеше қала әкімі қабылдады. Сол жерде ертең мұнда салынатын құрылыстың алғашқы үлгісін көрдік. 30-дан аса ағаштың қиылып, оның орнына қала аумағында екі жүздей тал егілетіні айтылды. Оған келіспейміз дедік. Бір аптадан соң тағы екі жобаны көрсетеміз деді. Қалай болғанда да, өсіп тұрған жасыл желекті қозғамағаны дұрыс қой.

Мәселені зерделей келіп, бұл саябақтың екінші деңгейлі банк ғимаратына тиесілі екенін анықтадық. Отандық қаржы институты филиалының өкілдері бүгінде құрылыс алаңына айналған аумаққа кіруімізге рұқсат етті. Айтуларынша, бір жылдан соң мұнда автотұрағы бар жаңа ғимарат бой көтереді. Жоспарға сәйкес кешеннің тек алды ғана емес, жан-жағы тегіс жасыл желекпен қоршалады екен. Кезінде бұл бақты банк қызметкерлерінің отырғызғаны да айтылды

Жансия Оразалина, банк филиалы директорының орынбасары:

- Мұндағы талдарды банк қызметкерлері еккен. Соңғы жеті жылда аумағында шағын саябақ бар ғимарат әртүрлі қаржы институтына тиесілі болды. Екі жыл бұрын біздің банктің қарауына өтті. Жасыл желекті суғарып, күтіміне жауапты маманымыз бар. Қазір осы маңда 108 тал тұр. Оның 34-і құрылыс кезінде қиылатын болды. Өйткені, басқа жерге көшіріп отырғызуға келмейді. Қалалық ботаникалық баққа өткізуге де жарамсыз жағдайда. Жоспарға сәйкес, олардың орнына алдағы уақытта 150-дей көшет егіледі.

Сонымен банк өкілдері келешек мұнда айналасы саябақпен көмкерілген жаңа ғимарат болатынын мәлімдеді. Ал белсенді топ мүшелері болса күні кеше қала басшысының қабылдауында болыпты. Әкім бір шешімге келер алдында халық пікірінің ескерілуін сұрап, тараптарды мәмілеге шақырған. 

Авторлар: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы